Қазақстанның ұлттық бокс құрамасы Дубайда (БАӘ) өткен Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) ұйымдастырған әлем чемпионатындағы өнерін аяқтады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Жарыста Сәкен Бибосынов (54 кг), Оразбек Асылқұлов (57 кг) және Абылайхан Жүсіпов (71 кг) алтын медаль иеленді. Сабыржан Аққалықов (75 кг) күміс жүлдеге қол жеткізсе, Теміртас Жүсіпов (48 кг) пен Ертуған Зейнуллинов (63,5 кг) қола медаль алды.
Финалға Қазақстан атынан төрт боксшы шықты. Алғашқы алтынды Сәкен Бибосынов алып, ресейлік Вячеслав Рогозинді тартысты жекпе-жекте жеңді. Оразбек Асылқұлов пен Абылайхан Жүсіпов финалдық кездесулерін сенімді өткізіп, қарсыластарын айқын басымдықпен ұтты.
Сабыржан Аққалықов финалда ресейлік Исмаил Муцольговқа жол берді. Бұл жекпе-жекте төрешілердің шешіміне қатысты даулы пікірлер айтылды.
Жалпыкомандалық есепте Қазақстан екінші орын алды. Айта кетейік, Ресей мен Өзбекстан құрамалары жарысқа бірнеше Олимпиада чемпиондарын әкелген.