Logo
Іздеу
Айдарлар

"Ұлдарымның өлімін өзімнен көремін": Асанәлі Әшімов екі баласы неден қайтыс болды?

/
"Ұлдарымның өлімін өзімнен көремін": Асанәлі Әшімов екі баласы неден қайтыс болды?
ашық дереккөзден

Қазақстанның Халық артисі, еңбегі сіңген қайраткер Асанәлі Әшімов 1993 жылы жары Майрадан, ал 1999 жылы Сағи мен Мәди есімді қос ұлынан айырылғанын еске алып, бұл ауыр сынақтан қалай өткенін баяндады. Әшімов бұл туралы Нұрсейіт Жылқышыбайдың "Уақыт көрсетеді" бағдарламасында айтты, деп жазады Arasha.kz.

"Жұбайынан, артынан Сағи мен Мәдиінен айырылған Әшімов бұл сынақтан өткеніме "өзім де таңғаламын" деймін. "Өзім де таңғаламын. Кітап жаздым, оны роман етейін деп жазғаным жоқ. Майрамен (бірінші жұбайы) әңгімелесейін деп жаздым. Екіншісі – "Жан бөлек" деп балаларға арнап жаздым.  Үйде есікті іліп алып, айқайлаған кезім болды. Тауға шығып алып, Майра деп айқайлайтынмын. Сондай әрекеттермен аман қалдық. Ауырдық, ауруханаға түстік. Жан бөлек болғаннан кейін, тірі адам тіршілігін жасайды екен. Қазір екінші өмір басталғандай. Адам тірі жүрсе, бәрін көре береді екенсің. Өмірім біркелкі өткен жоқ, жақсылық та, жамандық та болды", – дейді Асанәлі Әшімов. 

Асанәлі Әшімов екі ұлының қатарынан дүниеден өтуін жай кездейсоқтық емес деп санайды. Ол өмірде тіл мен көздің бар екеніне сенетінін айтты.

"Тіл-көзге сенемін, тіпті көз жеткіздік десем болады. Менің жанұяма тіл тиді деп жаздым да. Екеуінің еш себепсіз қатар кетуінен солай ойладым", – дейді актер.

Асыл өнер иесі кіші ұлы Мәдидің ауыр халде жатқан сәтін көзіне жас алып еске алды.

"Біз атеист болып өстік қой. 70 жыл бізге Құдай жоқ деп үйретті. Бірақ екі балам кеткенде Құдайдың бар екенін сездім. Мәдиім ауырып жатқанда: "Аға, уайымдамаңыз, 20 күннен кейін шығамын", – деді. Одан 20 күн өткен соң, жағдайы ауырлады. "Балам-ау, мынау не?" дегенде, "Жай әшейін" деп мені тыныштандырды. Ең соңғы тілі байланып жатқанда маған ұзақ қарады. Сонда: "Аға, сіз құдіретті едіңіз, мені құтқару қолыңыздан келмеді ме?" дегендей болды. Маған Құдайдай сенгені ғой. Ал Сағи аяқ астынан кетті. Бөлек тұратын. Үйге келіп қонып, апаммен екі сағат сөйлесіп, ваннаға ұзақ түсті. Залға жатайын деп төсек салып, жатып қалды. Содан таңертең тұрмай қалды ғой. Мәдиім екі айдай ауырды. Аралары 1,5 жас еді, біреуі жылдың басында, біреуі соңында кетті. Обал болды", – деп көзіне жас алды Әшімов. 

Асанәлі Әшімов қос ұлының қазасын жеке басындағы кемшіліктерімен байланыстыратынын ашық айтты.

"Кейбір жасаған күнәларым үшін Жаратушы солай жазалады" деп ойлайды. "Кейде өзімнен көремін. Даңдайсып кетіп қалған кездеріміз болды. Алла Тағала кішкене қағып жіберді ма деймін. Атақ-абыройлар көтеріп жіберген кездер болды. Мәссаған деп көрсетейін деп төбемнен бір-ақ ұрғандай", – дейді Асанәлі Әшімов.