Сот жүйесінде мол тәжірибесі бар бұрынғы судья Қанат Дүйсембиев Қазақстандағы сот жүйесінің шынайы ахуалына қатысты резонансты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Arasha.kz сайты Письма Президенту телеграм арнасына сілтеме жасап.
Бұрынғы судья Қанат Дүйсембиев елдіміздегі судьялар бірінші кезекте төрағаға тәуелді екенін айтады. Оның пайвмынша, судьяларда бастық болмау керек.
«Біздің жүйеде судьялар қандай да бір шешім шығару кезінде, қандай үкім шығарам дегенде төрағамен кеңесуге, жоғарыдағы судьяларға есеп беруге мәжбүр. Бұл қазіргі күндегі ең үлкен проблема. Қазір төрағаны сайлау енгізіліп жатыр, бұрын олар байқау арқылы тағайындалатын. Бүгінде екі үміткердің бірін таңдайды. Бұл жерде де олқылықтар бар, өйткені кадрлық резерв Жоғарғы судьялық кеңеспен жасақталады. Сондықтан тек сол кадрлық резервтегі үміткерді ғана сайлауға қатыстырады», - дейді ол.
Сонымен қатар ол, елдегі отыз жыл бойы осы салада жүргізілген реформалардың ешқайсысы судьялардың іс жүзінде тәуелсіз болуына әкелмегенін жеткізді.
«Елдегі заңгерлер қауымдастығы бізге реформа керек емес, тек судьяларға тәуелсіздік, билік беріңдерші дейді. Сол кезде бәрі өз орнын табады. Өйткені кез келген елде судьялық жүйе елдің тірегі. Егер судьялар атқарушы органдардың қателігін көрсетіп отырса елімізде көптеген нәрсе өзгеретін еді. Сол кезде нағыз демократиялық елге айналар едік», - дейді ол.
Сондай-ақ ол резонансты оқиғада жоғарыдан жазалау үкімін шығару туралы бұйрық түскенін айтты.
«Бұл үлкен резонансты оқиға еді, бірақ ол жерде қылмыстық құрам болмады, дегенмен маған жаза тағайындамасаң арты не болатынын білесің ғой дегендей айтты. Бірақ мен олай істей алмайтынымды айтып, ақтау жөніндегі шешімді шығардым», - деді Қ. Дүйсембиев.