Logo
Іздеу
Айдарлар

Әлем Қазақстан тәуелсіздігін қалай қабылдады?

/
Әлем Қазақстан тәуелсіздігін қалай қабылдады?
Сурет: ашық дереккөзден

1991 жылдың 16 желтоқсаны – қазақ тарихындағы тағдырлы күн. Сол күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңды қабылдап, ғасырлар бойы аңсалған дербес мемлекет мәртебесін ресми түрде жариялады. Бұл шешім аяқ астынан қабылданған жоқ. Ол 1990 жылғы Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның заңды жалғасы әрі КСРО ыдырауының соңғы кезеңіндегі саяси үдерістердің заңды нәтижесі еді. Қазақстан тәуелсіздігін жариялау арқылы жаңа дәуірге қадам басты, деп жазды Qazaqstan tarihy порталы. 

Тәуелсіздік жарияланғаннан кейінгі алғашқы күндерде-ақ Қазақстан халықаралық қауымдастықтың назарында болды. Кеңес Одағы тарау алдында тұрған шақта әлем державалары үшін Орталық Азиядағы саяси ахуал айрықша мәнге ие еді. Әсіресе ядролық қаруы бар, аумағы жағынан әлемдегі ең ірі мемлекеттердің бірі саналатын Қазақстанның болашақ бағыты жаһандық қауіпсіздік тұрғысынан мұқият бақыланды. Сол кезеңде қабылданған әрбір шешім сыртқы саясаттағы ұстаным, халықаралық келіссөздерге қатысуы, ядролық мұраға қатысты позициясы, барлығы да тек елдің ішкі дамуын ғана емес, бүкіл өңірдегі тұрақтылық пен күштер тепе-теңдігін айқындайтын фактор ретінде бағаланды. Сондықтан Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі алғашқы қадамдары әлемдік қауымдастық үшін ішкі саяси өзгеріс қана емес, халықаралық қауіпсіздік жүйесіндегі маңызды оқиғаға айналды.Алғашқы ресми мойындаулардың мәселесі кейінгі жылдары қоғамда жиі талқыланатын тақырыпқа айналды.

Архив құжаттары мен сол кезеңдегі баспасөз материалдарына сүйенсек, Түркия Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған сәттен кейін бірнеше сағат ішінде ресми түрде құттықтап, егемен мемлекетті мойындағанын мәлімдеген мемлекеттердің бірі болды. Бұл қадам Анкараның тарихи, мәдени және саяси жақындығына негізделген символдық әрі саяси қолдау ретінде қабылданды. Ал АҚШ Қазақстан тәуелсіздігін 1991 жылғы 25 желтоқсанда ресми түрде танып, 26 желтоқсанда дипломатиялық қарым-қатынас орнатты, бұл халықаралық құқық пен мемлекетаралық қатынастар тұрғысынан шешуші мәнге ие болды. Осыдан кейін Қытай, Ұлыбритания, Моңғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Иран өздерінің ресми ноталарын жолдап, Қазақстанды дербес мемлекет ретінде таныды. Осылайша, тәуелсіздіктің алғашқы апталарында-ақ Қазақстан әлемдік саясаттың толыққанды әрі заңды субъектісі ретінде орныға бастады. Дегенмен, сол кезеңдегі деректерді тереңірек қарастырғанда, мойындау мәселесіне қатысты тағы бір қыр көрінеді. Кейбір архив материалдары мен сұхбаттарда АҚШ Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін бірден құттықтау жолдап, саяси қолдау білдіргені айтылады. Бұл туралы Қазақстанның тұңғыш сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменов те естеліктерінде атап өткен. Оның айтуынша, АҚШ президенті Джордж Буш Қазақстан тәуелсіздігін жариялауына байланысты құттықтау телеграммасын жолдаған алғашқы мемлекеттердің бірі болған. Ал Түркиямен дипломатиялық қарым-қатынас ресми түрде кейінірек орнатылды. Осы жайттар кей дереккөздерде «АҚШ бірінші болып мойындады» деген пікірдің қалыптасуына негіз болды.

Қазақстанның тәуелсіздігін әлем тек ресми ноталар арқылы ғана емес, ірі халықаралық басылымдар арқылы да қабылдады. 1991 жылғы желтоқсан айында америкалық The Washington Post газеті Қазақстан парламентінің КСРО-дан толық тәуелсіздігін жариялағанын жазып, елдің жаңа саяси бағытына ерекше назар аударды. Басылым мақалаларында Қазақстан бұрынғы одақтас республикалардың ішінде ең байыпты, асығыстыққа жол бермей, эволюциялық даму жолын таңдаған мемлекет ретінде сипатталды. Әсіресе ел басшылығының ішкі тұрақтылықты сақтауға және халықаралық міндеттемелерден бас тартпауға ұмтылғаны атап өтілді. Назарбаевтың ядролық қару мәселесіндегі ұстамды позициясы, халықаралық келіссөздерге ашықтығы мен прагматикалық көзқарасы Батыс медиасында оң бағаланып, Қазақстанды болжамды әрі сенімді серіктес ретінде танытты.

Британдық The Guardian газеті сол кезеңдегі материалдарында Қазақстанды Орталық Азиядағы саяси тепе-теңдікті сақтауға қабілетті негізгі тұрақтандырушы фактор ретінде көрсетті. Басылым КСРО ыдырауынан кейінгі белгісіздік жағдайында Қазақстанның күрделі геосаяси кеңістікте сабырлы саясат ұстанғанын, ішкі қақтығыстарға жол бермей, келіссөздер арқылы шешім қабылдауға бейім болғанын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, британдық сарапшылар Қазақстан басшылығының көрші мемлекеттермен қатынасты сақтауға және халықаралық құрылымдармен диалог орнатуға басымдық бергенін айрықша мәнге ие фактор ретінде бағалады.

Ал америкалық және еуропалық сараптамалық басылымдарда Қазақстан жиі «жаңа тәуелсіз, бірақ жауапты әрі келісімге бейім мемлекет» ретінде сипатталды. Бұл бағалар елдің ядролық мұраға қатысты ұстанымы, көпвекторлы сыртқы саясатқа ұмтылысы және халықаралық қауіпсіздік мәселелеріндегі белсенді позициясымен тығыз байланысты болды. Мұндай сипаттамалар халықаралық қауымдастық үшін аса маңызды белгі саналды, өйткені посткеңестік кеңістіктегі тұрақсыздық қаупі аясында Қазақстан бейбіт дамудың үлгісі ретінде көріне бастады.

1991 жылғы 21 желтоқсанда Алматыда өткен тарихи кездесу де әлем назарынан тыс қалған жоқ. Қазақстан бастамашы болған бұл саммитте бұрынғы одақтас республикалардың басшылары бас қосып, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру жөнінде келісімге келді. Халықаралық баспасөз бұл қадамды КСРО күйреуінен кейін пайда болған саяси вакуумды жұмсартуға бағытталған маңызды әрекет ретінде бағалады. Әсіресе саммиттің Алматыда өтуі Қазақстанның аймақтағы дипломатиялық беделін күшейтіп, елді посткеңестік кеңістіктегі келіссөздер алаңы ретінде танытты. Осы шешім Қазақстанның Орталық Азиядағы ғана емес, кең ауқымдағы халықаралық саясаттағы салмағын арттыра түсті.

Тәуелсіздіктен кейінгі алғашқы айларда Қазақстан халықаралық ұйымдарға белсенді түрде кірісе бастады. Бұл қадам елдің сыртқы саясаттағы басты басымдықтарының бірі халықаралық құқық нормаларына сүйенген ашық әрі жауапты мемлекет құруға бағытталғанын көрсетті. 1992 жылдың қаңтарында Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше болуы, ал сол жылдың 2 наурызында Біріккен Ұлттар Ұйымына толыққанды қабылдануы Қазақстанның әлемдік қауымдастық тарапынан ресми әрі түпкілікті мойындалғанының айқын дәлелі болды. БҰҰ мінберінде Қазақстан дербес мемлекет ретінде алғаш рет өз позициясын білдіріп, халықаралық қауіпсіздік, бейбітшілік пен ынтымақтастық қағидаттарын ұстанатынын мәлімдеді. Осы сәттен бастап Қазақстан жаһандық саясатта жауапты, келісімге бейім және халықаралық міндеттемелерді мойындайтын мемлекет ретінде қабылдана бастады.

Қорытындылай айтқанда, Қазақстанның тәуелсіздігі әлем үшін күтпеген оқиға болған жоқ, алайда ол аса жауапты әрі сындарлы кезеңде жүзеге асты. Халықаралық баспасөз де, алпауыт мемлекеттер де бұл шешімді сақтықпен бағалай отырып, құрметпен қабылдады. Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған сәттен бастап-ақ әлемдік саясатқа қақтығыстан гөрі диалогты, оқшауланудан гөрі серіктестікті таңдаған ел ретінде енуге ұмтылды. Сол ұстаным алғашқы күндерден-ақ халықаралық қауымдастық тарапынан оң қабылданып, Қазақстанды бейбіт, теңгерімді және сенімді әріптес ретінде танытты. Бұл бағыт кейінгі онжылдықтарда елдің сыртқы саяси стратегиясының өзегіне айналды.