Ақтөбе облысында Хромтау әкімі Сағындық Шабықбаевқа үкім шығарылды – ол мен оның делдалына әрқайсысына 12 миллион теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Іс материалдарына қарағанда, өткен жылы Хромтауда әлеуметтік нысандарды абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Жеке кәсіпкерге екі көшедегі балалар алаңдарын жөндеу тапсырылады. Әкімдік бұл үшін 27 миллион теңге бөлген.
Кәсіпкер нысанды бірінші рет тапсырғанда тапсырыс беруші кемшіліктерді анықтап, оларды түзетуді талап еткен, бірақ түзетуден кейін де ешкім кәсіпкерге төлем жасауды асығар емес.
Тергеу мен сот анықтағандай, Хромтау әкімі Сағындық Шабықбаев кемшіліктерді түзету кезінде делдал тауып, кәсіпкерге төлем жасамаса нысанды қабылдамайтынын жеткізген. Әкім 400 мың теңге талап еткен, ал делдал соңында 1,1 миллион теңге сұраған.
Тараптар келісіп, кәсіпкер көрсетілген есепшотқа бір бөлігін аударғаннан кейін іске жедел қызметтер араласты. Сот қысқартылған тәртіпте өткенде, Сағындық Шабықбаев пен оның «келісушісі» айыптарды мойындап, қарсылық танытпады. Соның нәтижесінде әкімге де, делдалға да 12 миллион теңге айыппұл салынды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, Хромтау әкімі Сағындық Шабықбаев биыл қарашада пара алу ісі бойынша қамауға алынған болатын. Кейін сот процесі басталғаны хабарланған.
Сағындық Шабықбаев 2023 жылы Хромтау әкімі болып сайланған, ал одан бұрын, 2018 жылдың тамызынан бастап қала әкімі орынбасары қызметін атқарған.