Саясаткер Болат Әбілов Желтоқсан көтерілісі кезінде Алматы алаңына әскер кіргізу туралы шешімге қатысты тың дерекпен бөлісті. Ол бұл жөнінде Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Әбіловтің айтуынша, 2000 жылдың қаңтар айында Швейцарияда Кеңес Одағының соңғы басшысы Михаил Горбачевпен жеке кездескен. Сол кездесуде саясаткер Желтоқсан оқиғасы туралы тікелей сұрақ қойған.
"Горбачев былай деп жауап берді: "Жас жігіт, Булат, ол кезде бейнебайланыс деген болған жоқ. Оқиға орнындағы жағдайды жаңа келген адам – Колбин баяндап отырды. Бірақ ол нақты ештеңе айта алмады. Ал Назарбаев үнемі хабарласып тұрды: жағдай бақылаудан шығып бара жатқанын, жергілікті күштердің шамасы жетпей жатқанын айтып, әскер енгізуді талап етті. Біз әскер енгізуге мәжбүр болдық. Яғни бұл – сіздердің жергілікті басшылықтың өтініші. Нақтырақ айтқанда, Колбин мен Назарбаев жеке өздері менен әскер енгізуді сұрады", – деп жазған Болат Әбілов Горбачевпен болған әңгімесін еске алып.
Саясаткер сонымен қатар Желтоқсан көтерілісіне әлі күнге дейін толыққанды саяси әрі тарихи баға берілмегенін атап өтті.