Бас прокуратураның мәліметінше, ер адам 2018 жылы банктен ақша ұрлаған. Ол мобильді қосымшадағы қателіктерді пайдаланып, өз шотындағы қалдықтан асып түсетін қаражатты аударып алған. Қылмыстан кейін бой тасалап кеткен, алайда Швецияда ұсталып, Қазақстанға жеткізілді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Қазір күдікті тергеу изоляторында отыр. Ұрлық жасағаны үшін оған мүлкін тәркілеумен бірге бес жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төніп тұр.
Бас прокуратурада атап өткендей, қылмыскерлерді беру туралы келісімнің болмауына қарамастан, 2023 жылдан бері Швеция Қазақстанға төрт құқық бұзушыны экстрадициялаған.
Бұған дейін БАӘ сотталған экс-ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы Азамат Капеновті экстрадициялаудан бас тартқаны хабарланған. Қазақстан тарапы қажетті құжаттарды ұсына алмаған.