Logo
Іздеу
Айдарлар

AZAL Ақтау маңындағы ұшақ апатын тергеуге қатысты мәлімдеме жасады

/
AZAL Ақтау маңындағы ұшақ апатын тергеуге қатысты мәлімдеме жасады
Сурет: ТЖМ

AZAL вице-президенті Ильхам Әміров Ақтау маңындағы әуеапатын тергеу жұмыстары болашақта мұндай оқиғалардың алдын алу мақсатында ұшақ бөлшектерін егжей-тегжейлі зерттеу қажеттілігіне байланысты жылдарға созылуы мүмкін екенін атап өтті, деп хабарлайды Arasha.kz.

«Нәтижелердің маңызы өте зор. Кейіннен мұндай оқиғалар қайталанбауы үшін бұл туралы әлемнің барлық авиациялық ұйымдарына хабарланады. Уақыт жағынан шектеу жоқ. Егер қажеттілік туындаса, авиациялық оқиғаларды тергеу жылдар бойы жалғасуы мүмкін. Мысалы, ұшақтың қандай да бір бөлігін, аспабын немесе агрегатын талдау үшін зерттеу жүргізілсе, олар арнайы институттарда «бөлшектеліп» зерделенеді. Бұл өте көп уақытты алуы мүмкін. Бірақ, әдетте тергеуді бір жыл ішінде аяқтау ұсынылады», — деді Әміров media.az басылымына берген сұхбатында.

Еске сала кетейік, 2024 жылғы 25 желтоқсанда Баку – Грозный бағыты бойынша рейс орындаған AZAL ұшағы Ақтау маңында апатқа ұшырады. Ұшақ бортында 67 адам, соның ішінде 5 экипаж мүшесі (37 Әзербайжан азаматы, 16 Ресей, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан азаматы) болған. Әуе апатынан 38 адам қаза тапты, олардың арасында экипаждың үш мүшесі, соның ішінде екі ұшқыш бар.