Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағын берді, деп хабарлайды Arasha.kz сайты Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Кеше Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толды. Аңызға айналған қолбасшының ерліктері тек елімізде ғана емес, шетелде де кеңінен танымал. Халқымыз оның қаһармандығын қастерлейді. Алайда, көрнекті батырға ресми түрде «Халық қаһарманы» атағы берілмеген еді. Облыс жұртшылығы, зиялы қауым өкілдері, соның ішінде жастар да бұл мәселені талай рет көтергені белгілі. Біз тарихи әділдікті қалпына келтіруіміз керек. Сондықтан мен Мемлекет басшысы ретінде Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағын беру туралы шешім қабылдадым. Бүгін мен тиісті жарлыққа қол қойдым, ол міндетті түрде жарияланады», - деді бейсенбі күні Тоқаев.
Оның айтуынша, шынайы отансүйгіштік пен ерліктің символына айналған батырымыздың есімі әрқашан үлгі болып қала бермек.
«Бауыржан Момышұлының ерлігі — жай ғана аңыз емес, ол нақты құжаттармен расталған және Ұлы Отан соғысының батырлары мойындаған бұлжымас шындық. Өз отандастарының ерлігі мен жанқиярлық еңбегін қастерлейтін қоғам ешқашан жеңілмейді», - деді мемлекет басшысы.
Бұған дейін Тоқаев Тараз қаласындағы жаңа әскери мектеп-интернатқа Момышұлының есімін беруді ұсынған болатын.