Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдап, Үкіметтің экономикалық реформаларды іске асыру және халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстары туралы есебін тыңдады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Олжас Бектенов Президентке 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамудың алдын ала қорытындыларын баяндады. Экономиканы әртараптандыру жөніндегі тапсырмалардың нәтижесінде ішкі жалпы өнім өсімінің 70 пайыздан астамын өнеркәсіп, сауда және көлік салалары қамтамасыз етіп отыр. Қаңтар–қараша айларында көлік қызметі 20,3 пайызға, құрылыс 14,7 пайызға, сауда 8,8 пайызға, ауыл шаруашылығы 6,1 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 5,9 пайызға өскен.
Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 18,5 триллион теңгеге жетіп, жеке инвестициялар 9,8 пайызға артқан. Сонымен қатар Премьер-министр Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 2026–2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасының жүзеге асырылуы туралы айтты. Бұл құжатта халықтың нақты табысын өсіру, тұрмыс сапасын жақсарту және инфляция деңгейін төмендету негізгі басымдық ретінде белгіленген.
Баяндамасында Олжас Бектенов желтоқсан айында шекарадағы бес өткізу бекетінің жаңғырту жұмыстары аяқталғанын, қазақстандық тауар өндірушілердің реестрі іске қосылғанын және шағын бизнесті қолдауға бағытталған «Іскер аймақ» бірыңғай бағдарламасы қабылданғанын атап өтті. Сондай-ақ жылыту маусымының өту барысы мен 2026 жылғы дала жұмыстарын қаржыландырудың ерте басталғаны жөнінде мәлімет берді. Бұл шаралар егіс алқаптарының көлемін сақтауға, оны ұлғайтуға және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен экспортты дамытуға бағытталған.
Кездесу қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет басшысына азаматтардың мүддесіне сай елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жалғастыруды тапсырды. Президент инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау, сондай-ақ инженерлік және көлік инфрақұрылымын жаңғырту бойынша нақты міндеттер жүктеді.