Қазіргі қоғамда лауазымды қызметті немесе беделді атақты ақшаға сатып алуға тырысу оқиғалары таңсық болмай қалды. Бұған дейін ректорлық орын үшін таласқан белгілі тұлғалардың есімі ел аузында жүрсе, енді білім беру саласындағы беделді марапаттың да «саудаға» түскені белгілі болды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бұл оқиғаның басты кейіпкері — 49 жастағы Оксана Жирнова. Ол ғылыми ортада есімі танымал, PhD докторы дәрежесі бар және ұзақ уақыт бойы «Халықаралық ақпараттандыру академиясында» қызмет еткен тұлға. Алайда, 2024 жылы ол бұл мекемеден кетіп, «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағын саудалаумен айналыса бастаған, деп жазды “Kozachkov offside” Telegram арнасы.
Жирнова мектептердегі таныстары арқылы мұғалімдерге хабарласып, құрметті атақты 450 мың теңгеге (шамамен 1000 доллар) сатып алуды ұсынған. Жеңіл жолмен марапат алғысы келген сегіз педагог бұл ұсынысты бірден қабыл алып, ақшаны Жирнованың жеке шотына аударған.
Бірақ уәде етілген марапат та, атақ та берілген жоқ. Оп-оңай олжадан айырылған мұғалімдер полицияға арыздануға мәжбүр болды. Қызығы, олар өздерінің бұл әрекетін «пара беру» емес, жай ғана «марапатты шығаруға кеткен шығынды төлеу» деп ақтап алғысы келген.
Сотта Оксана Жирнова өз кінәсін мойындамай, мұғалімдермен арадағы жағдайды «азаматтық-құқықтық қатынас» деп көрсетуге тырысты. Алайда, судья Дастан Әлмағамбетов оның алаяқтық жасағанын толық дәлелденді деп таныды.
Сот шешімімен Жирноваға рақымшылық заңын ескере отырып, 2 жыл 4 ай мерзімге орташа қауіпсіздік колониясына қамау жазасы кесілді. Сонымен қатар, ол жәбірленуші мұғалімдерге 3,6 миллион теңге көлеміндегі материалдық шығынды қайтаруға міндеттелді.
Бұл оқиға — атақ-даңққа қысқа жолмен жетуді көздегендердің алаяқтардың құрығына қалай оңай түсетінінің кезекті дәлелі болды.