Logo
Іздеу
Айдарлар

"Жаратқанға не жаздым деп жылаған едім": Асанәлі Әшімовке кімнің қарғысы тиді?

/
"Жаратқанға не жаздым деп жылаған едім": Асанәлі Әшімовке кімнің қарғысы тиді?
Скриншот: Алтынбек Қоразбаевтың концертінен

Қазақ киносының жауһары саналатын «Қыз Жібек» фильміне қатысты "қарғыс атқан" деген әңгімені қабылдау қиын. Дегенмен бұл туынды Асанәлі Әшімовтің өнер жолын биікке көтерумен қатар, оның өмірінде ауыр кезеңдердің қатар жүруіне де себеп болған, деп жазады kznews.kz.

Бекежан бейнесі Асанәлі Әшімовті кино әлемінде бірден танытқанымен, дәл осы рөл актер тағдырына кері әсер еткен сәттер де болған. Фильм жарыққа шыққан жылдардың бірінде "Қыз Жібек" туындысында басты кейіпкерлерді сомдаған актерлер Оңтүстіктегі Созақ өңіріне халықпен кездесу өткізуге барады. Сол сапар барысында ат үстінде жүрген Бекежан кейпіндегі Асанәлі Әшімовті көрген кейбір егде жастағы әйелдер экрандағы образды шынайы өмірмен шатастырып, оған ашу білдірген.

"Ойбай, мына қанішер, жексұрын жауыз әлі тірі ме еді?" – деп айқайлап, қарғыс айтып, қолдарына түскен кесек тастарды актерге қарай лақтыра бастаған.

Сол кезде ауылдың ақсақалдары мен беделді азаматтары араша түсіп, зорға дегенде кейуаналарды сабасына түсірген. Бұл жағдай Асанәлі Әшімовтің Бекежан образын қаншалықты нанымды сомдап, көрермен санасына терең әсер еткенін көрсеткен айқын дәлел еді. Кейін бұл оқиғаны өнер иесі өзі де естелік ретінде айтып, Бекежан бейнесінің халыққа қаншалықты күшті эмоция сыйлағанын әрі актер үшін қандай ауыр сынақ болғанын еске алған.

"Осы Қодар мен Бекежан секілді қандықол жандар әрекеттері көпшілікке онша ұнай бермейтіні анық. Актер болған соң, беріліп ойнамасаң тағы болмайды. Қозы мен Төлегенді өлтірер әлгі жауыздардың жан әлеміне сіңіп кеткендей хал кешесіз. Театрда отырғанын, сахнада рөл ойнаушы артистер жүргенін сезсе-дағы, көрермен қауым оларға ызаланады, ашуланады. Тіпті, жағымсыз кейіпкерлердің оспадарсыз істеріне іштей қарғыс та айтары – табиғи құбылыс. Ана жылдары қос құлыным Мәди мен Сағи бірінің соңынан бірі өмірден мезгілсіз озғанда, тіпті, қаудырап қалғандай болдым. Алғашқы жан жарым Майраның қайғысынан сәл арылып келе жатқанда, қос арысымның өлімі жандүниемді қаусатып кеткендей болды. Одан қолымнан жетелеп жүріп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген анам байғұс та көз жұмды. Сол тұстардағы ішкі қайғы-мұңым бес батпан еді. Жалғызсырап, Жаратқанға не жаздым деп, жылаған кездерім де болған. Жазықсыз жандарды қан қақсатқан Қодар мен Бекежан зұлым қайта-қайта есіме түсті. Сахнада болсын, экранда болсын, кісі өлтірген қаныпезерлерге кім алғыс айта қойсын?! Эмоциялық, психологиялық ет қызуымен көрерменнің қарғап-сілеп жіберері де шындық. Сенбейін десеңіз, мистикалық, мифтік дүниелерде шындық барын өмір мысалдары дәлелдеп-ақ келеді. Қос құлынымның орны толмас қайғысы әртүрлі ойларға жетелегені рас", – деген еді Асанәлі Әшімов.