Әлеуметтік осал топтағы балаларға арналған жаңажылдық сыйлықтарды сатып алу кезінде жеке кәсіпкер мен қалалық білім бөлімі арасында кикілжің туындады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Кәсіпкердің айтуынша, ол 600 дана сыйлық жеткізу үшін әрқайсысына 4 990 теңгеден ұсынып, жалпы сомасы 2,7 млн теңге болатын мемлекеттік тендерді жеңіп алған. Бұл ең төменгі баға болған — оған дейінгі қатысушы 5 000 теңге сұрапты.
«Біз тауарды алдын ала келісіп алдық, WhatsApp желісінде жазысқан хаттарымыз бар. Алайда 30 желтоқсанда маған ақшаның кері қайтарылғанын, орындалған жұмыс актісін қабылдаудан бас тартқандарын хабарлады. Сонымен қатар «балалар сыйлықтарын алды ма?» деген сұрақтар қойып, бұл жағдайдың артында «жемқорлықтың иісі шығады» дегендей тұспалдар айтыла бастады», - дейді кәсіпкер.
Ал Атырау қалалық білім бөлімі бұл сатып алудың аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға арналғанын және шарт бойынша бір сыйлықтың бағасы ҚҚС-сыз 10 714,28 теңгені құрағанын мәлімдеді. Байқауға 17 әлеуетті өнім беруші қатысып, нәтижесінде ең төменгі баға ұсынған алматылық «Tulpar Service» кәсіпорны жеңімпаз атанған.