Logo
Іздеу
Айдарлар

ҰҚК мен Ішкі істер министрлігінің басшылары Отан алдындағы адалдығын сақтап қала алмады – Тоқаев Қаңтар оқиғасы туралы

/
ҰҚК мен Ішкі істер министрлігінің басшылары Отан алдындағы адалдығын сақтап қала алмады – Тоқаев Қаңтар оқиғасы туралы
Сурет: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында Қаңтар оқиғасына қатысты сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Мемлекет басшысы сол күндердегі оқиғалардың негізгі көрінісі баяғыда-ақ қалпына келтірілгенін атап өтті. Қазіргі уақытта кейбір сот процестері әлі де жалғасуда, сондай-ақ Қаңтар кезінде ұрланған көптеген қару-жарақты іздеу жұмыстары жүріп жатыр.

«Қаңтар оқиғасын талқылайтындар көбінесе сол кездегі дағдарыстың түпкі мәнін түсінуге еш пайдасы жоқ дүниелерді қазбалап кетеді. Сол үшін оларды кінәлауға да болмас. Дегенмен, ақиқат жолында ешқашан қызбалыққа салынбау керек. Алматыдағы аласапыран туралы жиі айтылып жатады, мұны түсінуге де болады. Бірақ, зұлымның сиқырлы таяқшасымен жасалғандай адам сенгісіз жағдайлар болғанын да естен шығармау керек. Нақтырақ айтқанда, бүлікті ұйымдастырушылардың әмірімен бір мезетте он екі қалада жаппай тәртіпсіздік белең алды. Оның арты қаскөйлердің көптеген облыс әкімдіктері мен құқық қорғау органдарының ғимараттарын басып алуына әкеп соқтырды», — деді Президент.

Тоқаев сол күндері азаматтар мен мемлекеттік қызметшілер арасында, сондай-ақ, өкінішке қарай, күштік құрылымдар өкілдерінің едәуір бөлігі арасында дүрбелең тудырылғанын айтты. Салдарынан олар құпия құжаттар мен қару-жарақтарды тастап, қызмет орындарынан кетіп қалған.

«Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Ішкі істер министрлігінің кейбір басшылары сын сағатта Отан алдындағы адалдығын сақтап қала алмады, кәсіби деңгейі де төмен екенін көрсетті», — деді ол.