АҚШ визалық талаптарды күшейтіп, бірқатар ел азаматтары үшін виза алу кезінде 5 мыңнан 15 мың долларға дейін кепіл жарна енгізді, деп хабарлайды Arasha.kz.
АҚШ Мемлекеттік департаменті B1/B2 санатындағы визаны алу барысында кепіл жарна төлеуге міндетті 38 елдің тізімін жариялады. Кепіл сомасы әңгімелесу кезінде жеке тәртіппен — 5, 10 немесе 15 мың доллар көлемінде белгіленеді.
Тізімге Орталық Азияның үш елі — Қырғызстан, Түрікменстан және Тәжікстан енген. Түрікменстан азаматтары үшін бұл талап 1 қаңтардан бастап күшіне енсе, Қырғызстан мен Тәжікстан азаматтары үшін 21 қаңтардан бастап қолданылады.
Сондай-ақ жаңа талапқа іліккен елдер қатарында Алжир, Ангола, Антигуа және Барбуда, Бангладеш, Бенин, Бурунди, Кабо-Верде, Кот-д’Ивуар, Куба, Джибути, Доминика, Фиджи, Габон, Непал, Нигерия, Сенегал, Того, Тонга, Тувалу, Уганда, Вануату, Венесуэла және Зимбабве бар.
Кепіл жарна АҚШ Қазынашылығының ресми платформасы арқылы консулдық қызметкер виза алуға рұқсат бергеннен кейін ғана төленеді. Бұл ретте кепіл жарнаның төленуі визаның міндетті түрде берілетініне кепіл болмайды.
Кепіл жарна төлеген барлық виза иелері АҚШ-қа тек үш әуежай арқылы кіріп-шығуға міндетті:
Бостон Логан халықаралық әуежайы (BOS); Джон Ф. Кеннеди атындағы халықаралық әуежай (JFK); Вашингтон Даллес халықаралық әуежайы (IAD).
Егер виза иесі АҚШ аумағынан белгіленген мерзімде шығып кетсе, визаны пайдаланбаса немесе елге кіруден бас тартылса, кепіл жарна толық көлемде қайтарылады.