Қазақстан армиясында мерзімді қызметтегі сарбазбен кезекті оқыс оқиға орын алды, жас жігіт казарма алдында өзіне зақым келтіруге тырысқан, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оқиға туралы ақпарат журналист Михаил Козачковтың Telegram-арнасында жарияланды. Оның нұсқасы бойынша, сарбаз тікелей бастығынан ескерту алғаннан кейін балтамен саусақтарын шауып тастамақ болған.
ҚР Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі 6 қаңтар күні мерзімді қызметтегі қатардағы жауынгер казарма алдындағы таңертеңгі тексеріс кезінде «сол қолының саусақтарын темір затпен жарақаттағанын» растады. Оқиға Гвардия гарнизонының әскери бөлімінде болған.
— Зардап шеккен сарбаз дереу әскери госпитальға жеткізіліп, оған уақтылы медициналық көмек көрсетілді. Қазіргі уақытта әскери қызметшінің жағдайы тұрақты деп бағалануда, өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Ол медицина мамандарының тұрақты бақылауында, — деп сендірді баспасөз қызметі.
Құрлық әскерлері бұл оқиғаның әскери қызметпен тікелей байланысты екенін жоққа шығарып отыр. Командирмен ешқандай қақтығыс болмағаны айтылуда.
— Зардап шегушінің айтуынша, бұл әрекет жеке себептерге байланысты жасалған және әскери қызметті өтеумен, сондай-ақ әскери бөлім командирлерінің немесе лауазымды тұлғаларының әрекеттерімен байланысты емес. Жарақат тікелей бастығының ескертуінен кейін алынды деген ақпарат шындыққа жанаспайды, — деп хабарлады баспасөз қызметі.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Өңірлік әскери-тергеу басқармасы оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Құрлық әскерлері бас қолбасшысының тапсырмасымен әскери бөлімге арнайы комиссия жіберілді. Баспасөз қызметі тергеу аяқталғанға дейін «асығыс қорытынды жасамауға» шақырды.