Талдықорғанда 32 жастағы Айзат Жұманованың өліміне қатысты іс бойынша үкім шықты. Сот оның жұбайы Айбар Жанболатты кінәлі деп танып, 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Айзат Жұманова маусым айында Баласаз ауылында қаза тапқан болатын. Айбар Жанболат мас күйінде қызғаныш негізінде әйелін аяусыз соққыға жыққан. Айзат тоқтатуды өтінгенімен, соққылар жалғаса берген.
«Жанболат медициналық көмек көрсетпеген және жасаған ауыр қылмысын жасыру мақсатында Айзатты арада бірнеше сағат өткеннен кейін ғана, түнгі сағат 02:30 шамасында ауруханаға жеткізген», — делінген айыптау актісінде.
Бастапқыда бұл іс «абайсызда өлімге әкеп соғу» бабы бойынша тергелген. Алайда марқұмның туыстары бұл шешіммен келіспей, қайта сараптама жүргізуге қол жеткізді. Содан кейін іс ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі — «қасақана кісі өлтіру» бабына қайта сараланды.
Сот сонымен қатар жәбірленуші тараптың азаматтық талап-арызын ішінара қанағаттандырды. Сотталған азаматтан моральдық зиян ретінде 20 миллион теңге, сондай-ақ адвокат қызметіне жұмсалған шығындар үшін 1,7 миллион теңге өндіріп алу туралы қаулы шықты.