Қостанайда Ресей мен Украина арасындағы соғыс туралы талқылау кезінде қазақтарды қорлаған 44 жастағы әйел ұлттық араздықты қоздыру туралы қылмыстық іс бойынша бас бостандығынан айырылды, деп хабарлады Tobolinfo.
«Қостанай қалалық №2 сотында ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы 1-бөлігі («Әлеуметтік, ұлттық, рулық... араздықты қоздыру») бойынша айыпталған 44 жастағы Қостанай тұрғыны Юлия Хонға қатысты үкім оқылды. Іс материалдарына сәйкес, 2024 жылдың қараша айының басында (нақты күні белгісіз) түнгі сағат 3.45 шамасында сотталушы ішімдік ішіп алып, TikTok желісіндегі тікелей эфирге қатысқан. Юлия Хонның адвокаты Виталий Лидің түсіндіруінше, онда Ресей мен Украина арасындағы соғыс талқыланған. Тікелей эфир кезінде сотталушы былапыт сөздер айтып, талқылауға қатысушыларды ұлтына (қазақтарға) қарай қорлаған, осылайша ұлттық араздықты қоздыруға бағытталған әрекеттер жасаған», — делінген дүйсенбідегі хабарламада.
Істі қараған судья Ольга Кузнецова Хонның кінәсі тікелей эфир жазбасымен, сараптамалық зерттеулермен және куәгерлердің айғақтарымен толық дәлелденгенін атап өтті.
«Юлия Хон ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде (қоныс колониясы) жазасын өтеумен екі жылға бас бостандығынан айырылды. Бұған дейін сотталушы ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жүргендіктен, ол сот залында қамауға алынды. Хонның асырауында жол апатынан кейін жанарынан айырылған ұлы болғандықтан және ол баласының емін төлеп жүргендіктен, жазасы жеңілдетілді», — деп жазылған хабарламада.
Сотталушының тұрмыста екені, жұмыс істейтіні және бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмағаны айтылды.
«Енді ол 826 мың теңге көлеміндегі процессуалдық шығындарды да төлеуі тиіс. Хонның адвокаты Валерий Ли сол тікелей эфирде оның қорғауындағы азаматшаны да төмендеткенін, ал ол бүкіл ұлтты емес, нақты бір адамды балағаттағанын алға тартты. Қорғау тарапы сот үкіміне шағым түсірмек», — деп толықтырды басылым.