Абай облысында танысын оның өз үйінің ауласында өлтірген ер адамға қатысты сот үкімі шықты. Екеуінің арасындағы жанжал WhatsApp мессенджеріндегі хат алмасудан басталған, деп хабарлайды Arasha.kz сотқа сілтеме жасап.
Абай облысында адам өлтіру айыбы тағылған Г.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.
«Г. мен жәбірленуші П. арасында жеке бас араздығы негізінде жанжал болған, ол WhatsApp мессенджерінде өзара қорлау мен қоқан-лоққымен қатар жүрген. Шамамен сағат 23:55-те П. бірнеше досымен бірге Г.-ның үйіне келген.
Үй ауласында Г. мен жәбірленуші арасында сөзге келу болып, ол төбелеске ұласқан. Қақтығыс барысында алкогольдік мас күйде болған Г. пышақты пайдаланып, жәбірленушінің кеуде тұсына бір рет соққы жасаған», – делінген хабарламада.
Алған жарақатынан П. ауруханаға бара жатқан жолда көз жұмды. Сарапшылардың айтуынша, сотталушы ауыр зардаптардың болуы мүмкін екенін түсінген және физиологиялық аффект жағдайында болмаған.
«Оқиғадан кейін Г. жақын адамдарымен хат алмасу барысында болған жайтты хабарлаған, соның ішінде жәбірленушіге пышақ жарақатын салғанын көрсетіп, өз әрекеттерінің құқықтық салдарын түсінгенін аңғартады. Сонымен қатар, қақтығысқа дейін Г.-ның жолдаған хабарламаларының мазмұны оның күш қолдану мүмкіндігін мойындап, түсінгенін көрсетеді. Мұны сот өлімге әкелетін қасақаналықтың қосымша дәлелі ретінде бағалады», – деп қосты сотта.
Жеңілдететін мән-жайлар ретінде Г.-ның оң мінездемелері мен жәбірленушінің құқыққа қайшы әрекеттері танылды. Ал қылмысты алкогольдік мас күйде жасауы ауырлататын мән-жай ретінде есепке алынды.
Нәтижесінде, Г.-ға орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеу арқылы 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.