Исламда ораза ұстауға мүмкіндігі жоқ адамдарға жеңілдік қарастырылған. Мұндай жағдайда біреулер ұстай алмаған оразасын Рамазаннан кейін өтеуге міндеттелсе, енді біреулер оразаның орнына пидия беріп, бұл парыздан босатылады, деп жазады Arasha.kz.
Құран Кәрімде: "Алла сендерге (әр нәрсенің) жеңілдігін қалайды, қиындықпен қинамайды", – делінген ("Бақара" сүресі, 185-аят).
Шариғат талаптарына сай, белгілі бір жағдайларда ораза ұстамауға рұқсат беріледі.
Соның бірі – науқастық. Егер ораза ұстау адамның өміріне қауіп төндірсе, белгілі бір ағзасына зиян келтіруі мүмкін болса, жаңа дерттің пайда болуына немесе бар аурудың асқынуына себеп болса, сондай-ақ білікті әрі сенімді мұсылман дәрігер ораза ұстамауға кеңес берсе, мұндай жағдайда оразаны тоқтатуға болады. Өз өміріне немесе денсаулығына зиян тиеді деп қауіптенген адамға оразасын ашуға рұқсат етілетіні жөнінде ғалымдар бірауыздан пәтуа шығарған (Фәтәуаи Һиндия).
Алла Тағала Құранда: "Науқастанып қалғандар және сапарда жүргендер басқа күндері ораза ұстап орнын толтырсын", – деген ("Бақара" сүресі, 185-аят).
Жолаушы. Шариғат бойынша сапарға шыққан адамға жолы жеңіл әрі қиындықсыз болса да, ораза ұстамауға және намаздарын қысқартып оқуға рұқсат етіледі. Сапар үстінде ораза тұту немесе тұтпау – жолаушының өз еркінде. Дегенмен, егер денсаулығына зиян келмей, мүмкіндік болып жатса, ораза ұстағаны абзал саналады.
Әнас ибн Малик (оған Алла разы болсын): "Біз Пайғамбармен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірге жиі сапарда болатынбыз. Ораза ұстаған адам ораза ұстамаған адамды, ал ораза ұстамаған адам ораза ұстаған адамды сөкпейтін", – деген (Бұхари).
Оразаға ниет етіп, ауыз бекіткеннен кейін сапарға шыққан адамға оразасын бұзуға рұқсат етілмейді. Егер жол үстінде оразасын ашып қойса, ол күннің қазасын өтейді, алайда кәфарат өтеу міндеттелмейді. Ал сапарға шықпай тұрып әдейі ауыз ашқан жағдайда, оған кәфарат беру қажет болады.
Жүктілік және бала емізу. Жүкті әйелдер мен емізулі баласы бар аналар өз денсаулығына немесе құрсақтағы, не емізулі баласының саулығына қауіп төнеді деп қауіптенсе, оразасын уақытша тоқтата алады. Бұл шешім жеке тәжірибеге сүйенген басым ойға немесе білікті әрі әділ мұсылман дәрігердің кеңесіне негізделуі тиіс (Мәрақил-фәлах). Егер әйел өзі немесе баласы үшін зиян келеді деп қауіптеніп, оразасын ашса, кейін қазасын өтейді, ал кәфарат төлеу міндеттелмейді. Бұл үкім "Хуласа" еңбегінде де атап көрсетілген (Фәтәуаи Һиндия).
Дегенмен, егер жүкті немесе бала емізетін әйел оразаны қиындықсыз ұстай алса және оған ешқандай зиян тимесе, онда ораза ұстауы қажет. Өйткені Алла Тағала: "Ораза ұстаудың өздеріңе пайдалы екенін білесіңдер ғой" деп баяндайды ("Бақара" сүресі, 183-аят).
Шөл мен аштық. Егер қатты шөлдеу немесе қатты ашығу адам өміріне қауіп төндірсе не ауыр дертке ұрындыруы мүмкін болса, оразаны тоқтатып, оны кейін қаза етуге рұқсат етіледі. Себебі шариғатта адамның өмірін сақтау – басты міндеттердің бірі. Құран Кәрімде: "Өз қолдарыңмен өздеріңді өлімге байламаңдар" деп ескертілген ("Бақара" сүресі, 195-аят). Алайда денсаулыққа айтарлықтай зиян келтірмейтін, уақытша ғана сезілетін жеңіл шөл мен аштықты себеп етіп, оразаны бұза салу дұрыс саналмайды.
Кәрілік. Ораза ұстауға қауқары жетпейтін қарт ер мен әйелдерге ораза тұтпауға және оны қаза етіп өтеуге міндеттелмеуге рұқсат етіледі. Алайда ұстай алмаған әрбір ораза күні үшін бір мұқтаж адамды тамақтандыру, яғни пидия беру парыз етілген.
"Тәнуир" кітабында "ораза ұстауға дәрменсіз, жасы үлкен қарт кісіге ораза ұстамауға рұқсат беріледі және ол кісі підия төлейді" делінген (Фәтәуаи Һиндия). Сондай-ақ, айықпайтын ауруға дұшар болып, ораза ұстауға шамасы келмейтін адамның ауруы себебінен оразаның әр күні үшін підия беруі – уәжіп (Раддул-мұхтар).
Алла Тағала Құранда: "Орынды себептермен оразаны соңына дейін ұстай алмайтындар үшін күніне бір міскін адамды тамақтандыру – парыз", – деген ("Бақара" сүресі, 184-аят).
Хайыз және нифас. Етеккірі келген және босанғаннан кейінгі қаны келген әйелдер ораза ұстамайды, бірақ кейін қазасын өтейді (Хуласа).
Айша анамыз: "Бізден кім хайыз не нифас болса, оған оразаны қаза етіп, намазды қаза етпеуді бұйыратын", – деген (Бухари).
Балалық және ақылы кемдік. Балиғат жасына толмаған бала және ақылы жоқ адам ораза ұстауға міндетті емес.
Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "(Жақсы және жаман істерді жазатын періштенің) қаламы үшеуден көтерілген (жазбайды): баладан, ол кәмелетке толғанша; ұйқыдағы адамнан, ол ұйқысынан оянғанша; және ақылдан алжасқан, ол ақыл-есін жиғанша", – деген (Әбу Дәуіт).
Ақылынан алжасқан адам өз іс-әрекеті үшін жауап бермейді, алайда белгілі бір уақытта ғана ақылы ауытқып, басқа уақытта ақыл-есі дұрыс болса, онда ол ақыл-есі сау кезде ораза ұстауы керек. Ақылы ауысқан кезде, ол оразадан босатылады. Оразаны бастап, сосын есінен танған болса, бұл оның оразасын бұзбайды. Бұл пікір қояншық (эпилепсия) ауыруымен ауыратын адамдарға да қатысты.
Ауыр жұмыс. Адам өміріне тікелей жауапты немесе аса қажетті қызмет атқаратын мамандарға (ұшқыш, дәрігер және т.б.), сондай-ақ денеге ауыр салмақ түсіретін кәсіп иелеріне (кенші, металлург, қауіпті нысандарда жұмыс істейтін құрылысшылар және басқалар) ораза ұстауға шамасы жетпеген жағдайда оны кейінге қалдыруға рұқсат етіледі. Сол сияқты, елдің қарулы күштері бейбіт жағдайдан соғыс ахуалына өткенде, ораза ұстау әскердің сақтығы мен жауынгерлік қабілетіне нұқсан келтірсе, оразаны уақытша тоқтатуға болады.
Дегенмен, жұмыс қаншалықты ауыр болғанына қарамастан, ораза ұстауға мүмкіндік болып, ол адамның өзіне немесе өзгеге зиян тигізбесе, мұндай жағдайда ораза тұту міндет болып қала береді.
Уа, Жаратқан Ием! Рамазан айында ораза ұстауға күш-қуат нәсіп етіп, бұл қасиетті айды Өзің разы болатын игі амалдармен өткізуді бұйырғайсың! Еліміз тыныш, жұртымыз аман болғай! Әмин.
Хасан АМАНҚҰЛ,
Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары.