Logo
Іздеу
Айдарлар

Түркістан облысында әкесін өлімші етіп соққыға жыққан ұлы бес жылға сотталды

/
Түркістан облысында әкесін өлімші етіп соққыға жыққан ұлы бес жылға сотталды
Сурет: ашық дереккөзден

Түркістан облысында сот өз әкесін аяусыз ұрып-соққан 41 жастағы ауыл тұрғыны Алмас Садақбаевқа үкім шығарды, деп хабарлайды Arasha.kz.

 Қарт әке ауыр дертке шалдыққан, өздігінен жүріп-тұра алмайтын және толықтай ұлының көмегіне мұқтаж болған. Кезекті соққыдан кейін ол көз жұмды.

Бұл оқиға өткен жылдың күзінде қоғамда кең резонанс тудырды. Әлеуметтік желіде Қоссейіт ауылынан түсірілген бейнежазба тарады. Көрші тұрғындар жазып алған видеода ер адамның үй ауласында қарт кісіні ұрып жатқан сәті көрінеді.

Сотта анықталғандай, соққы бірнеше рет қайталанған және көбіне үйдің дәл ауласында болған. Сол эпизодтардың бірін мемлекеттік айыптаушы сотта былай деп баяндады:

«2025 жылғы 13 тамыз күні шамамен сағат 18:40-та әкесінің өздігінен дәретханаға шыға алмағанына ашуланған А. Садақбаев “қабырғаларыңды сындырамын” деп қорқытып, үй ауласында әкесін қолымен және аяғымен денесінің әртүрлі тұсынан аса қатыгездікпен соққыға жыққан. Нәтижесінде дене жарақаттарын келтірген».

Алайда сот-медициналық сараптама нақты өлім себебін анықтай алмаған.

— Марқұмның өлім себебі анықталған жоқ, себебі мәйіт сараптамаға түскен кезде кеш кезеңдегі шіру процесінде болған. Бұл мәйітті зерттеу және гистологиялық сараптама қорытындыларымен расталады, — деп атап өтті мемлекеттік айыптаушы.

Соттағы жарыссөздер мен соңғы сөз кезінде Алмас Садақбаев жылап, өз кінәсін толық мойындады және халықтан кешірім сұрады.

Сот оны бес жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.