Logo
Іздеу
Айдарлар

Бахрейнде жасы 3300 жыл болатын сирек кездесетін фаянс маска табылды

/
Бахрейнде жасы 3300 жыл болатын сирек кездесетін фаянс маска табылды
Сурет: ашық дереккөзден

Бахрейндегі археологтар ежелгі Дильмун өркениетінің сирек артефактісі — фаянс маскасын тапты. Ғалымдар оның жасын шамамен 3300 жыл деп бағалап отыр, деп хабарлайды Arasha.kz.

News of Bahrain басылымы Бахрейннің Мәдениет және көне жәдігерлер басқармасына сілтеме жасай отырып хабарлағандай, ғалымдар бұл жаңалықты Хилла археологиялық нысанындағы қазба жұмыстары кезінде ашқан. Артефакт екі әйел мен бір сәбидің сүйегі бар қабірдің ішінен табылды.

Мұндай маскалар Бахрейнде өте сирек кездеседі. Бұл олжа — елде осы уақытқа дейін қазып алынған екінші дана. Зерттеушілердің пікірінше, маска қабірге марқұмдармен бірге жерлеу рәсімінің бір бөлігі ретінде қойылған болуы мүмкін. Дегенмен, салыстырмалы табылымдардың аздығына байланысты ғалымдар арасында әзірге біржола нақты пікір қалыптаспаған.

Хилладағы қазба жұмыстарына жетекшілік ететін археолог Машаэль Аль Шамси зерттеушілердің масканы әлі толық зерттеп үлгермегенін түсіндірді. Ол сондай-ақ мұндай артефактілерге, әсіресе Бахрейндегі олжаларға арналған зерттеулердің тым аз екенін айтты. Аль Шамсидің сөзінше, бұл маска туралы қысқаша ғана айтылған бір ғана ғылыми мақала бар.

Қазіргі таңда бахрейндік ғалымдар фаянс маскасы мен басқа де жерлеу құралдарын зерттеу нәтижелерін жариялайтын ғылыми еңбек дайындап жатыр.

Фаянс маскадан бөлек, археологтар қабірден және оның айналасындағы қабаттардан көптеген артефактілерді, соның ішінде бақалшақтан жасалған сақиналарды, тігін инесін немесе бізді, үлкен керамикалық құмыраны және кохль (шығыстың дәстүрлі көз бояуы) жағуға арналған құралдарды тапты. Табылған әшекейлер мен косметикалық құралдар жерлеу рәсіміндегі ритуалдық тәжірибелермен байланысты болуы мүмкін.

Хилла учаскесі Бахрейннің оңтүстігіндегі Хиллат Абдул Салех ауылының құрметіне аталған. Бұл — Дильмун өркениетінің әртүрлі кезеңдерінің қатпарлы қалдықтары сақталған маңызды археологиялық аймақ. Қазір археологтар біздің заманымызға дейінгі 1600 және 1000 жылдар аралығындағы Орта Дильмун кезеңіне жататын қабаттарды қазуға баса назар аударып отыр.