Қазақстандық Cybernet AI стартапы түркі тілдерін автоматты түрде тануға арналған (ASR) ең ірі модельді ұсынды. Бұл – Орталық Азиядағы алғашқы ауқымды жоба және түркі тілдер тобының ерекшеліктерін ескере отырып, әуелден ағылшынтілді шешімдерге бейімделмей әзірленген толыққанды жасанды интеллект моделі, деп хабарлайды Arasha.kz.
Жоба Astana Hub, Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің стратегиялық қолдауымен әрі Microsoft компаниясының GPU-инфрақұрылымында жүзеге асырылды*.
«Cybernet AI әзірлемесі түркі тілдер тобына кіретін елдерге цифрлық сервистер мен клиенттерге қызмет көрсетуді ана тілінде, сапаны жоғалтпай және қолжетімді бағамен жасанды интеллект арқылы ауқымды түрде дамытуға мүмкіндік береді. Қазақстан үшін бұл жаһандық AI-шешімдерді тұтынушы рөлінен халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті өз технологияларын әзірлеуші елге айналу деген сөз», – деді Astana Hub басқарушы директоры Таңат Өскембаев.
Модель қазақ, түрік, өзбек, қырғыз, әзербайжан және татар тілдерінің негізінде әзірленген, сондай-ақ бизнесте және мемлекеттік қызметтер көрсету барысында кең таралған түркі-орыс аралас сөйлеу барысында да тілдерді дәл таниды.
Осы уақытқа дейін Қазақстан мен Орталық Азия елдері негізінен ағылшын тіліне бағытталған халықаралық ASR-модельдерді пайдалануға мәжбүр болды. Мұндай шешімдер түркі тілдерінің фонетикасын, акценттерін және аралас сөйлеу ерекшеліктерін жеткілікті деңгейде ескермей, дауысқа негізделген AI-сервистердің сапасын шектеп келді.
Cybernet AI бұл мәселеге өзге қөзқараспен қарады: компания өңір ішінде және өңір үшін арнайы модель жасап, оған қазіргі заманғы түркі тілдерінің лингвистикалық ерекшеліктерін енгізді.
«Біз ағылшын тілді модельдерді бейімдеуден саналы түрде бас тартып, табиғи, аралас ауызекі сөйлеуді бастапқыдан түсінетін ASR-модель әзірледік. Бұл шешімді жай ғана технологиялық өнім емес, Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы жергілікті экожүйесін және технологиялық егемендігін қалыптастыруға қосылған үлес деп қарастыруға болады», – деді Cybernet AI компаниясының техникалық директоры Рашид Исмаилов.
Жаңа ASR-модель үлкен көлемдегі дауыс коммуникацияларымен жұмыс істейтін бизнеске бағытталған: банктер мен қаржы ұйымдарына, телеком-операторларға, әртүрлі деңгейдегі байланыс орталықтарына, логистикалық және сервистік компанияларға, сондай-ақ халыққа қызмет көрсететін мемлекеттік құрылымдарға арналған.
Әзірлеушілердің пікірінше, бұл модель клиенттерді қолдау арналары бойынша шығындарды азайтып, барынша сұранысқа ие дауыс форматында тәулік бойы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Модель қоршаған ортаның шуына, акценттерге және сөйлем барысында тіл ауыстыруға төзімді, сондай-ақ финтехтен бастап мемлекеттік қызметтерге дейінгі әртүрлі салаларда бірдей жоғары дәлдікті көрсетеді.
«Cybernet AI» компаниясы – Astana Hub қатысушысы, банктердің, финтех-компаниялардың және басқа да реттелетін салалардың байланыс орталықтарына арналған қорғалған корпоративтік AI-шешімдерді әзірлеуге маманданған. Компания платформасы жоғары өнімділікті, бақыланатын масштабтауды және қауіпсіздік пен регуляторлық талаптарды қатаң сақтай отырып, операциялық шығындарды едәуір қысқартуды қамтамасыз етеді.
Cybernet AI Қазақстанда, Өзбекстанда, Қырғызстанда, АҚШ-та, Мексикада және Мысырда жұмыс істейді, сондай-ақ Ұлыбритания мен ЕО елдерінде жобалар жүзеге асыруда. Компания шешімдері 34 тілді қолдайды, оның ішінде қазақ, өзбек, орыс, ағылшын, араб және испан тілдері бар.