Logo
Іздеу
Айдарлар

Шымкенттегі университетте 321 млн теңге жымқырылған: іс сотқа жолданды

/
Шымкенттегі университетте 321 млн теңге жымқырылған: іс сотқа жолданды
Сурет: видеодан скрин

Қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеуді аяқтағандарын мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Тергеу мәліметінше, қылмыстық іске университеттің бұрынғы бірінші проректоры, қаржы және әкімшілік департаменттердің директорлары, өндірістік-техникалық бөлімнің қойма меңгерушісі, сондай-ақ бірқатар мердігер ұйымдардың басшылары күдікті ретінде тартылған.

Күдіктілер іс жүзінде жеткізілмеген немесе жасанды түрде қымбаттатылған тауарлар бойынша жалған мемлекеттік сатып алу шарттарын жасаған. Осы шарттар арқылы бөлінген қаражат байланысы бар жеке кәсіпкерлер мен коммерциялық ұйымдардың шоттарына аударылып, кейін қолма-қол ақшаға айналдырылған. Тергеу нұсқасына сәйкес, ақша қылмыстық схемаға қатысушылар арасында бөлінген.

Мысал ретінде университет басшылығының нарықтағы құны 200 мың теңгеден аспайтын бір креслоны 20 млн теңгеге сатып алғаны келтіріледі.

Нақты жеткізілімдердің болмауын жасыру үшін тозған тауарлық-материалдық құндылықтар балансынан формалды түрде есептен шығарылып, іс жүзінде пайдаланылған. Ал олардың орнына алынуы тиіс жаңа тауарлар мүлде жеткізілмеген.

Аталған әрекеттердің салдарынан мемлекетке 321 млн теңге көлемінде залал келтірілген. Тергеу барысында күдіктілер 264 млн теңгені ерікті түрде өтеген.

Сот санкциясымен күдіктілердің мүлкіне, атап айтқанда төрт тұрғын үйге, бір автокөлікке және банктік шоттардағы 40 млн теңге көлеміндегі ақшалай қаражатқа тыйым салынды.

Қылмыстық іс сотқа жолданды. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.