Хромтау қаласында ыстық сумен қамту үшін пайдаланылатын газ жабдығының жарылуы салдарынан 30 бен 60 жас аралығындағы бес адам зардап шекті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ақтөбе облыстық ТЖД мәліметінше, оқиға 19 қаңтар күні сағат 17:45 шамасында болған. Ғимарат ішінде ыстық су дайындауға арналған газ қондырғысы жарылған.
Оқиға орнынан түрлі дене күйігімен бес адам аудандық ауруханаға жеткізілді. Зардап шеккендердің жасы 30 бен 60 аралығында.
Мәліметтерге қарағанда, оқиға орнына екі өрт сөндіру көлігі мен жеті өрт сөндіруші келген.
12 литрлік газ баллонындағы газ-ауа қоспасының жарылуы салдарынан жалын мен газ күрт атылып, ғимараттың қирауына әкеп соққан. Қазіргі уақытта оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталуда.
«Бір науқас жансақтау бөлімінде жатыр, оның денесінің 20 пайызын күйік шалған. Қалған төртеуі травматология бөлімінде ем қабылдауда», - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.