Logo
Іздеу
Айдарлар

Ақтөбедегі интернат қызметкерлері ғимараттың суықтығы мен тозығы жеткеніне шағымдануда

/
Ақтөбедегі интернат қызметкерлері ғимараттың суықтығы мен тозығы жеткеніне шағымдануда
Сурет: видеодан скрин

Ақтөбедегі №2 әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметкерлері жұмыс жағдайының тым ауыр екенін айтып, дабыл қақты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбадан интернат ішінде адамдардың сырт киіммен, баскиіммен жүргенін көруге болады. Ғимараттың қабырғалары мен төбесін зең басқан, ал жуынатын бөлмелері мүлдем жарамсыз күйде, деп хабарлады «Жетінші арна».

Видео авторларының айтуынша, ғимарат іші өте суық, ал жөндеу жұмыстары ондаған жылдар бойы жүргізілмеген. Бұл орталық өткен ғасырдың 70-жылдары салынған. Қазір мұнда жүйке ауруына шалдыққан 430 адам тұрады, оларға кезекпен 220 қызметкер күтім жасайды.

Желідегі наразылықтан кейін әкімдік өкілдері интернатқа тексеріспен барды. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Әнуарбек Қонжардың мәлімдеуінше, бөлмелердегі температура 17–20 °C, дәліздерде бұдан сәл төмен. Соған қарамастан, мекеме штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатыр.

Билік өкілдері 2026 жылы ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілетінін мәлімдеді. Инженерлік желілерді ауыстыру мен санитарлық тораптарды қалпына келтіру үшін бюджеттен 177 миллион теңге бөлінген.

Айта кетейік, осыған дейін көктемде аталған мекемеге қатысты тағы бір шулы видео тараған болатын. Онда темір тордың арғы жағында отырған науқас бейнеленген. Оған темір ыдыспен тамақ берілген, ал ол қолындағы нанын алып, орындықтың астына тығылған еді.

Сол кезде мекеме әкімшілігі: «Бұл жігіт өзге науқастардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді», — деп ақталған болатын.