Logo
Іздеу
Айдарлар

Кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлының екінші сынамасынан да допинг табылды

/
Кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлының екінші сынамасынан да допинг табылды
instagram.com/janibek_alimkhanuly. Суретте: Жәнібек Әлімханұлы

Кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлының допингке қатысты ісі одан әрі күрделене түсті. Спортшы тапсырған "В" сынамасынан да тыйым салынған зат анықталған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бұл ақпаратты Қазақстанның кәсіпқой бокс федерациясы президенті Рахымжан Ерденбеков ресми түрде растады. Оның айтуынша, АҚШ-тағы VADA ұйымынан 34 беттен тұратын толық сараптама қорытындысы келген. Құжатта екінші сынаманың да оң нәтиже көрсеткені нақты жазылған.

Бұған дейін федерация басшылығы Жәнібек Әлімханұлының ісі қайта қаралатынын мәлімдеген еді. Алайда "В" сынамасының нәтижесі күмәнді сейілтпей, керісінше, жағдайды одан сайын шиеленістіріп отыр.

Рахымжан Ерденбековтің сөзінше, қазіргі таңда істі Қазақстанның кәсіпқой бокс федерациясы қарап жатыр. Себебі спортшы федерация лицензиясымен өнер көрсетіп келеді, ал оның қатысуымен өткен соңғы жекпе-жек Астанада федерацияның санкциясымен ұйымдастырылған.

"Ендігі басты мәселе – тыйым салынған зат спортшы ағзасына әдейі түсті ме, әлде басқа жолмен енді ме. Қазір осы жайт жан-жақты әрі мұқият зерттеліп жатыр", – деді федерация президенті.

Допинг дауына байланысты қабылданатын түпкілікті шешім Жәнібек Әлімханұлының кәсіби мансабына тікелей әсер етуі мүмкін.