Көліктегі полиция департаментінің криминалдық полиция қызметкерлері Бас көлік прокуратурасының үйлестіруімен теміржол құрамдарындағы контейнерлерден жүк ұрлаумен айналысқан қылмыстық топтың жолын кесті. Оларға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Arasha.kz.
2026 жылғы 26 қаңтардағы мәліметке сәйкес, өткен жылдың сәуір айында көлік полицейлері Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының алты тұрғынынан құралған топты ұстаған.
«Қылмыстық топтың 2024 жылдың тамызы мен 2025 жылдың сәуірі аралығында "Қытай – Еуропа" халықаралық бағытымен өтетін контейнерлерден жүйелі түрде жүк ұрлап келгені анықталды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында топтың төрт ұрлық дерегіне қатысы бар екені дәлелденді. Олар негізінен бейнебақылау камераларын, балалар арбалары мен автобөлшектерді жымқырып отырған», — деп хабарлады ҚР Бас көлік прокуратурасының баспасөз қызметі.
Жүк иелеріне келтірілген жалпы шығын көлемі 212 млн теңгеден асты. Қазіргі уақытта материалдық шығын толықтай өтелді.
«Топтың барлық мүшелерінің кінәсі толық дәлелденді. Сот шешімімен олардың әрқайсысына 4 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды», — деп толықтырды ведомстводан.