Қырғызстанның Жалал-Абад облысында кәмелетке толмаған қызға қатысты қатыгездік дерегі тіркелді. Облыстық ішкі істер басқармасының мәліметінше, жасөспірім қызды ұрып-соғып, шашын қырып тастаған, деп Arasha.kz тілшісі Malim.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Kaktus.media хабарлауынша, полицияға 1988 жылы туған әйел арыз түсірген. Оның айтуынша, 2009 жылы туған қызы Р.М.-ды 8 қаңтардан 9 қаңтарға қараған түні үш адам – Азат, Жумагүл және Тазагүл соққыға жығып, азаптаған, сондай-ақ шашын жартылай қырып тастаған.
Жәбірленуші қыз Өзген аудандық ауруханасына жеткізіліп, қажетті медициналық көмек көрсетілген. Аталған оқиға бойынша «азаптау» бабы негізінде қылмыстық іс қозғалды.
Құқық қорғау органдары күдіктілерді ұстады. Олардың бірі – Базар-Қорған ауданының тұрғыны, 1988 жылы туған Т.Н. (Тазагүл), екіншісі – Сузак ауданының тұрғыны, 2006 жылы туған Н.А. (Азат). Манас аудандық сотының шешімімен олар қамауға алынды.
Тергеу барысында Т.Н.-ның бұған дейін бұзақылық пен алаяқтық бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны да анықталды.