Logo
Іздеу
Айдарлар

Зауыттағы ақау: Қарағанды тұрғыны сот арқылы қытайлық көліктің ақшасын қайтарып алды

/
Зауыттағы ақау: Қарағанды тұрғыны сот арқылы қытайлық көліктің ақшасын қайтарып алды
Сурет: ашық дереккөзден

Қарағанды қаласының тұрғыны 2022 жылы «Chery Tiggo 7 PRO» маркалы автокөлігін сатып алған. Жаңа темір тұлпар үшін әйел 12,8 миллион теңгеден астам қаражат төлеген. Алайда оның қуанышы ұзаққа созылмады: жаңа көлік мінез көрсете бастады. Тұлпар жиі бұзылып, иесін әбігерге салды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Кепілдік аясында автосалон бірнеше тораптар мен бөлшектерді ауыстырғанымен, бұл мәселені шешпеген. Амалы таусылған қарағандылық әйел сотқа жүгінуге мәжбүр болды.

Сот тағайындаған автотехникалық сараптаманың қорытындысы бойынша, көліктегі 11 ақаудың 9-ы зауыттық ақау болып шықты.

Автосалон өкілдері сарапшының қорытындысымен келіспей, «көлік иесі кепілдік шарттарын сақтамады» деген уәж айтып, жауапкершіліктен қашпақ болды. Алайда судья бұл уәждерді негізсіз деп танып, талапты қанағаттандырды.

Сот шешімімен автосалон сатып алушыға көлік үшін төленген миллиондарды қайтарып беруге, сондай-ақ моральдық зиян мен сот шығындарын өтеуге міндеттелді.