Logo
Іздеу
Айдарлар

Тегін дәрілерді заңсыз сату фактілері анықталды

/
Тегін дәрілерді заңсыз сату фактілері анықталды
Сурет: Рixabay

Қазақстанда 2025 жылдың шілде айынан бастап енгізілген дәрілік заттарды цифрлық таңбалау жүйесі фармацевтика саласындағы қордаланған былықтардың бетін ашты. Мемлекет есебінен тегін берілуі тиіс препараттардың коммерциялық нарықта сатылуы және мерзімі өткен дәрілердің айналымы — бүгінгі таңдағы өзекті мәселеге айналып отыр, деп хабарлайды Arasha.kz.

Жақында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың төрағалығымен өткен жиында дәрі-дәрмектің қадағалануына қатысты алғашқы қорытындылар жарияланды. «Қазақтелеком» АҚ ұсынған жаңа талдамалық платформа дәрілік заттардың өндіріс орнынан бастап, соңғы тұтынушыға жеткенге дейінгі бүкіл жолын нақты уақыт режимінде көрсетіп берді.

Бұл жүйе бұрын бақылаудан тыс қалып келген «көлеңкелі» әрекеттерді цифрлық деректер арқылы әшкерелеуге мүмкіндік туғызды.

Платформаны демонстрациялау барысында мамандар тіркелген бірнеше өрескел заңбузушылықтарды атап көрсетті:

Мемлекеттік бюджет (ТМККК) есебінен сатып алынған және халыққа тегін таратылуы тиіс 15 мыңнан астам дәрілік зат коммерциялық дәріханаларда заңсыз сатылған.

Кодтарды қайта пайдалану: Жүйеде таңбалау кодтарын қайта пайдаланудың 6,5 мыңнан астам жағдайы тіркелген. Бұл кодтар жалпы саны 385 мыңнан астам рет заңсыз айналымға түскен.

Мерзімі өткен өнімдер: Қолдану мерзімі өтіп кеткен 750-ден астам дәрі қаптамасының сатылғаны анықталды. Бұл тек экономикалық шығын емес, азаматтардың денсаулығына тікелей қауіп төндіретін фактор.

Жиын қорытындысы бойынша министр Ақмарал Әлназарова ведомство басшыларына және «Фармация» СҚ (СК-Фармация) басшылығына нақты тапсырмалар берді. Ендігі кезекте таңбалау жүйесінің талдамалық мәліметтері күнделікті жұмыс құралына айналуы тиіс.

«Бюджет қаражатын тиімді жұмсау және дәрі-дәрмек айналымын толық тәртіпке келтіру — біздің басты міндетіміз. Препараттардың мақсатсыз пайдаланылуы мен заңсыз айналымына жол берілмейді», — деп атап өтті министр.

Цифрлық таңбалау жүйесінің енгізілуі Қазақстанның фармацевтика нарығын «тазартуға» бағытталған маңызды қадам болды. Бұл технология тек заңсыздықтарды анықтап қана қоймай, мемлекеттік бюджеттің әрбір тиынын үнемдеуге және ең бастысы — науқастардың сапалы әрі қауіпсіз дәрі-дәрмекке қол жеткізуіне кепілдік бермек.