Logo
Іздеу
Айдарлар

"Қызым бір құпияны біліп қойған": Германияда қаза тапқан судьяның анасы жан айқайын жеткізді

/
"Қызым бір құпияны біліп қойған": Германияда қаза тапқан судьяның анасы жан айқайын жеткізді
ашық дереккөзден

2024 жылғы 3 маусымда хабарсыз кеткен Айгүл Сайлыбаева 16 маусым күні Германияда пластикалық қапшыққа салынған күйі өлі табылған еді. Марқұмның денесінен пышақтың көптеген ізі анықталған. Тергеу барысында экс-судьяның өліміне негізгі күдікті ретінде енесі Наталья Данцова танылып, күйеуіне қылмысты жасыру дерегі бойынша іс қозғалды. Алайда осы уақытқа дейін күдіктілер қамауға алынбаған. Кейін анасы мен ұлының Мәскеуде тұрып, жұмыс істеп жүргені белгілі болды. Қайғыдан қан жұтқан марқұмның анасы Шолпан Батқалова қызының өліміне қатысты тың әрі жантүршігерлік деректерді жария етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлады.

Айгүл Сайлыбаева – "Болашақ" бағдарламасының түлегі, жоғары білім алып, елдегі құқық саласында қызмет атқарған маман. Шетелде оқып жүрген кезінде ол Талдықорған қаласының тумасы Александр Данцовпен танысады. Александр Айгүлге үйленуге ұсыныс жасағанымен, оның ата-анасы бастапқыда бұл некеге қарсы болған.

Марқұмның анасы қызының мінезі жайлы былай дейді:

"Айгүл менің екінші қызым. Ол жастайынан білімді, сабырлы әрі ақылды болып өсті. Мінезі өте жұмсақ, ешқашан ата-анасына ауыртпалық салмайтын, өз мәселесін өзі шешуге тырысатын қыз еді. Сот саласында бірнеше жыл қызмет атқарған соң, шетелге оқуға түсті. Біз оған "оқуың жақсы, бірақ енді тұрмысқа шығатын уақыт болды" деп жиі айтып жүрдік. Ал Айгүл болса: "әуелі білімімді толықтай аяқтап алайын, содан кейін отбасы құрамын" деп жауап беретін. Осылай жүріп, 2016 жылы ол шетелде кітапханада Александр Данцовпен танысты. Біраз уақыт өткен соң бізге "тұрмысқа шығамын" деп айтты. Бірақ оның шетел азаматы болғанына байланысты алғашында қарсы болдық. Дегенмен 2019 жылы Айгүл тағы да сол өтінішін қайталап келді. Бұл жолы да Данцов екенін естігенде көңіліміз күпті болса да, қызымыздың бағы байланбасын деп амалсыз келісім бердік. Олардың Жаклин есімді қыздары бар. Қазір сол келісімді бергеніме қатты өкінемін", – дейді марқұмның анасы. 

Үйленгеннен кейін Айгүл мен Александр Германияға қоныс аударған. Көп ұзамай күйеуінің анасы Наталья Данцова да олардың қасына барған. Анасының айтуынша, қызы тұрмысқа шыққан соң күйеуі мен енесі тарапынан қысым көрген. Алайда бұл туралы ата-анасына айтпай, тек жақын құрбыларына ғана шағымданған.

"Қызымды аса қатыгездікпен өлтірген. Оның денесі көл маңынан пластикалық қапшыққа салынған күйі табылды. Сараптама нәтижесі бойынша денесінде 30-дан астам пышақ жарақаты болғаны анықталды. Тергеу деректеріне сәйкес, қылмыскерлер денені бөлшектеуге әрекет жасаған, мойнынан бауыздаған, беті шашы мүлде жоқ. Қойды бауыздаған секілді, қызымды қорлаған. Айгүлдің денесі адам шошырлық жағдайда табылды. Қазіргі уақытта Германияда адам өлтіру фактісі бойынша енесі Наталья Данцоваға ғана қылмыстық іс қозғалған. Себебі оқиға орнында оның да қаны табылды. Сонымен қатар Айгүл жоғалып кеткен күні Наталья Германиядан кетіп қалғаны белгілі болды. Ал Айгүлдің күйеуі Александр Данцовтың интернеттен Германияның "адам өлтіру және қылмысты жасыру туралы" заңдарын іздегені анықталды. Осыған байланысты мен екеуі де қызымнан құтылудың амалын алдын ала ойластырған болуы мүмкін деп күдіктенемін", – дейді марқұмның анасы.