Logo
Іздеу
Айдарлар

Конститутцияда журналистиканың дербес институт ретіндегі мәртебесі бекітілуі тиіс – профессор

/
Конститутцияда журналистиканың дербес институт ретіндегі мәртебесі бекітілуі тиіс – профессор
Сурет: әлеуметтік желіден

Филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Қайрат Сақ еліміздің Ата заңына журналистиканың қоғамдық-әлеуметтік мәртебесін айқындайтын маңызды өзгерістер енгізуді ұсынды. Ғалым бұл бастамасын әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Профессор өз уәжін ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «газет — халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген қағидасымен байланыстырады. Оның айтуынша, ХХ ғасырдың басында жарық көрген «Қазақ» газеті небәрі алты жылдың ішінде ұлттық сананы жарты ғасырға ілгерілетіп, қазақ халқының біртұтас ұлт болып ұюына, бәсекеге қабілетті болуына негіз қалаған.

Ғалым Президенттің 2 ақпанды — «Ұлттық баспа сөз күні» деп бекітуін жақсылықтың нышаны ретінде бағалап, бұл шешімнің астарында журналистиканың дербес институт екенін мойындау жатқанын атап өтті.

Қайрат Сақ кәсіби маман ретінде Конституцияның 23-бабына екі маңызды толықтыру енгізуді жөн деп санайды.

«Бірінші тармақшасын: «Сөз еркіндігіне, заңмен шектелмеген кез келген ақпаратты алу және тарату, ғылыми, техникалық, көркем шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі» деп толықтырып, жаңадан мындай тармақша қосуды ұсынамын: 
«Журналистиканың дербес қоғамдық-әлеуметтік институт ретіндегі қызметі мойындалады және журналистердің халықты заңмен шектелмеген ақпараттармен қамтамасыз ету қызметіне БАҚ құрылтайшылары мен қаржылық топтардың араласуына тыйым салынады», - деп жазды Қ. Сақ.

Профессордың пікірінше, мұндай заңдық тетіктер журналистердің кәсіби тәуелсіздігін нығайтып, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға жол ашады.