Logo
Іздеу
Айдарлар

Қырғызстанда мерзімінен бұрын сайлау бола ма? Садыр Жапаров ел күтпеген қадамға барды

/
Қырғызстанда мерзімінен бұрын сайлау бола ма? Садыр Жапаров ел күтпеген қадамға барды
Vyacheslav OSELEDKO / AFP via Getty Images. Суретте: Садыр Жапаров

Қырғызстан Конституциялық сотына ел президенті Садыр Жапаровтың ұсынысы келіп түсті. Мемлекет басшысы қолданыстағы президенттің өкілеттік мерзіміне және кезекті немесе мерзімінен бұрын президенттік сайлауды тағайындау тәртібіне қатысты Конституция нормаларына ресми түсіндірме беруді сұрады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Ұсыныста көрсетілгендей, қоғамда және заңгерлер арасында 2010 жылғы Қырғызстан Конституциясының және 2021 жылғы 11 сәуірдегі референдумда қабылданған жаңа Конституция туралы заңның нормаларын қолдану мәселесіне қатысты әр түрлі пікірлер туындаған. Сарапшылардың айтуынша, бұл баптарды әрқалай түсіндіруге болады, сондықтан құқықтық белгісіздік пайда болған.

Әсіресе, президенттік мерзімнің қашан басталып, қанша уақытқа созылатыны, сондай-ақ кезекті немесе мерзімінен бұрын сайлаудың нақты қай уақытта өтуі тиіс екені жөнінде түсініспеушілік бар. Мұндай қайшылықтар саяси пікірталастарға ұласып, билікке деген сенімге әсер етуі мүмкін екені айтылуда.

Осыған байланысты президент Конституциялық соттан даулы баптарға ресми түсіндірме беріп, сайлау өткізу тәртібі мен мерзімін нақтылап көрсетуін өтінді. Істі қарау 17 ақпанға белгіленген.

Айта кетейік, бұған дейін Садыр Жапаров өзінің серігі әрі жақын досы Қамчыбек Ташиевті барлық қызметінен босатқан еді. Қырғызстан президентінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл қадам мемлекеттің бірлігін нығайту және қоғамдағы, соның ішінде мемлекеттік құрылымдар арасындағы алауыздықтың алдын алу мақсатында жасалған.