Logo
Іздеу
Айдарлар

Семей машина жасау зауытының жұмысшылары жұмысқа шығудан бас тартты

/
Семей машина жасау зауытының жұмысшылары жұмысқа шығудан бас тартты
Сурет: видеодан скрин

Семей машина жасау зауытының (СМЗ) қызметкерлері бірнеше айдан бері еңбекақы ала алмай отырғандықтан, жұмысқа шығудан бас тартты, деп хабарлайды Arasha.kz.
 
Абай облысы әкімінің кеңесшісі және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша Президент саясатына жәрдемдесу орталығының жетекшісі Серік Байғалиев әлеуметтік желіде жұмысшылардың үндеуін жариялады. Онда жұмысшылар 2025 жылдың қазан айынан бері тиісті ақыларын алмағаны айтылады. Қазіргі таңда қарыз көлемі 18 миллион теңгені құрайды.

«Жалақының жоқтығынан адамдар қарызға батып, несиелерін төлей алмай отыр, шоттары бұғатталған. Зейнетақы, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жарналары аударылмағандықтан, жұмысшылар медициналық көмек алу мүмкіндігінен де айырылды», — деп атап өтті кеңесші.

2022 жылы сот шешімімен зауытқа қатысты 5 жылдық мерзімге оңалту процедурасы енгізілген. 2023 жылдан бастап «Oljakol» ЖШС санатор ретінде кәсіпорынды қаржылық сауықтыруды қолға алды. Бастапқыда инвестор 100 млн теңге көлеміндегі ескі қарызды жауып, өндіріске 1,8 млрд теңгеден астам инвестиция салған. Алайда, 2,5 жыл өтсе де, зауыт толық аяғынан тік тұра алмады. Қазіргі уақытта кәсіпорын өз қуаттылығының тек 50 пайызында ғана жұмыс істеп тұр, онда 44 адам еңбек етеді.

– Бүгінгі күні жалақы бойынша берешек 18 млн теңгені құрайды, бұған қараша, желтоқсан, қаңтар айларының төлемдері, сондай-ақ қазан айындағы қарыздың қалдығы кіреді. Қазіргі уақытта санатор тапсырыстар алу үшін келісімшарттар жасасу бойынша жұмыс жүргізуде. Жартылай вагондарға арналған люктер өндірісіне қажетті металды да санатор жеткізіп жатыр. Бүгінгі таңда 22 тонна металл әкелінді, бұл шамамен 120 люк дайындауға жеткілікті. Осы 120 люкті сату шамамен 18 млн теңге табыс алуға мүмкіндік береді, оны жұмысшылардың жалақысын төлеуге бағыттау жоспарланған, – деп хабарлады Абай облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасынан.

Дегенмен, бұл өнімді дайындау үшін кемінде бір ай уақыт керек. Ал жұмысшылар ақшасыз жұмысқа шығуға ниетті емес. Облыс әкімдігі зауыт басшылығымен және инвестормен келіссөздер жүргізіп, мәселені таяу арада шешуді тапсырды.