Арақ іздеген ұры зергерлік дүкенді тонап, оқиға орнынан есекпен қашқан. Оқиға Түркияда болған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Түркияда тиегіш көмегімен зергерлік дүкенді тонаған Мехмет Д. есімді тұрғын оқиға орнынан есекпен қашып кеткен, оның әрекеті бейнебақылау камераларына түсіп қалған.
Ақпаратқа сәйкес, оқиға Қайсері қаласының Меликгази ауданында болған. Күдікті өзіне ұнаған тиегіш көлікті ұрлап әкетіп, соның көмегімен зергерлік дүкеннің есігін бұзып кірген. Ол барлығы 150 грамм алтын ұрлап, оқиға орнынан есекке мініп кетіп қалған.
Күдікті тергеу кезінде қылмыс жасаған сәтте мас болғанын және тағы да ішімдік іздегенін айтып берді.
«Мен бұл ауданға есегіммен келдім. Ішімдік дүкенінің жабық екенін көрдім, жанында тиегіш көлік тұр екен. Оның сымдарын жалғап от алдырдым да, басқа ішімдік дүкеніне қарай бет алдым. Бірақ жолдан зергерлік дүкенді көріп қалып, ақшадан қысылып жүргенім есіме түсті», — деді Мехмет Д.
Журналистердің хабарлауынша, үйіне оралған ер адам әкесіне «көлігім бұзылып қалды» деп өтірік айтқан. Көп ұзамай Мехмет Д. полициямен ұсталып, сот шешімімен қамауға алынды. Ұрланған алтын жерге көмілген күйінде табылып, иесіне қайтарылды.