Logo
Іздеу
Айдарлар

Бұрынғы судья Светлана Жолманова тағы бір қылмыстық іс бойынша сегіз жылға сотталды

/
Бұрынғы судья Светлана Жолманова тағы бір қылмыстық іс бойынша сегіз жылға сотталды
Сурет: ашық дереккөзден

Сот үкіміне сәйкес, ол Қазақстан Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (алаяқтық) бойынша кінәлі деп танылып, сегіз жыл бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қылмыстық құқықбұзушылықтар жиынтығы бойынша, 2025 жылғы 19 маусымдағы Алматы қаласы Медеу ауданы №2 аудандық сотының үкімімен тағайындалған жазамен біріктіріліп, түпкілікті жаза 10 жылға бас бостандығынан айыру болып белгіленді. Жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.

Сонымен қатар, одан Жәбірленушілерге өтемақы қорына 20 АЕК көлемінде (73 840 теңге) мәжбүрлі төлем өндірілді.

Сот бірқатар жәбірленушілердің талап-арыздарын қараусыз қалдырды, ал кейбір талаптарды толық немесе ішінара қанағаттандырды. Атап айтқанда, жәбірленушілерге ондаған миллион теңге материалдық шығынды өтеу және мемлекеттік баж салығын төлеу міндеттелді.

Еске салсақ, 2024 жылғы 9 қазанда экс-судья полицияға жеткізілген. 2024 жылғы 11 қазанда ол екі айға қамауға алынды. 2025 жылғы 18 наурызда іс сотқа түсті, ал 2025 жылғы 19 маусымда ол 10 жылға сотталған болатын.