Logo
Іздеу
Айдарлар

Алматыда жалған хабарлама таратқан мектеп оқушылары ұсталды

/
Алматыда жалған хабарлама таратқан мектеп оқушылары ұсталды
Сурет: Терроризмге қарсы орталық

Алматыда полиция бомба қойылғаны туралы жалған ақпарат таратқан үш мектеп оқушысын ұстады, деп хабарлайды Arasha.kz ҚР Терроризмге қарсы орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, қаладағы мектептердің бірінің оқушылары сабақты болдырмау мақсатында, бұзақылық ниетпен жарылғыш құрылғы қойылғаны туралы ақпарат таратқан.

Хабарлама расталмады, қауіп жалған болып шықты. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Тергеу барысында жасөспірімдердің бұл құқық бұзушылықты саналы түрде жасағаны анықталды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері ретінде олардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Миналау немесе теракт қаупі туралы кез келген жалған хабарлама  бұл жауапкершілікке әкеп соғатын құқық бұзушылық. Мұндай жағдайларда шұғыл қызметтер жұмылдырылып, сабақтар тоқтатылады және білім беру мекемелерінің жұмысы бұзылады. Біз ата-аналарды балалардың бос уақытына, араласатын ортасына және интернеттегі белсенділігіне назар аударуға, сондай-ақ мұндай әрекеттердің жол берілмейтіні туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуге шақырамыз», - деп атап өтті Алматы қалалық ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әнес Қалдыбаев.

Полиция ата-аналарға мынадай кеңестер береді:

Балалардың желіде уақытын қалай және қайда өткізетінін бақылау;

Олардың қандай чаттар мен онлайн-ойындарға қатысатынына қызығушылық таныту;

Жалған қоңыраулар мен арандатушылық хабарламалар үшін жауапкершілікті түсіндіру;

Жасөспірімдерде цифрлық қауіпсіздік мәдениеті мен құқықтық сауаттылықты қалыптастыру.

Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстары кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі мен ақпараттық сауаттылығын қамтамасыз ету шаралары аясында жалғасып жатыр.