Logo
Іздеу
Айдарлар

Зеленский Александр Лукашенкоға қарсы санкциялар енгізілгенін жариялады

/
Зеленский Александр Лукашенкоға қарсы санкциялар енгізілгенін жариялады
Сурет: president.gov.by

Украина Президенті Владимир Зеленский Александр Лукашенкоға қарсы санкциялар пакетінің енгізілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Оның айтуынша, 2025 жылдың екінші жартысында Ресей Беларусь аумағында соққы беруші дрондарды басқаруға арналған ретрансляторлар жүйесін орналастырған. Бұл Ресей армиясының Украинаның солтүстік облыстарына соққы беру мүмкіндігін арттырған.

«Біздің өңірлердегі энергетикалық нысандар мен теміржолға жасалған соққылардың бір бөлігін ресейліктер Беларусьтің мұндай көмегінсіз жүзеге асыра алмас еді. Беларусьтің 3 мыңнан астам кәсіпорны Ресейдің соғысына қызмет етіп, маңызды санатқа жататын техникалар, жабдықтар мен компоненттерді жеткізіп отыр. Атап айтқанда, бұл зымыран өндірісіне қажетті бөлшектерді де қамтиды», – деп жазды Зеленский.

Украина Президенті Беларусь аумағында «Орешник» орта қашықтықтағы зымырандарын орналастыру үшін инфрақұрылым құрылғанын, бұл тек украиндар үшін ғана емес, бүкіл еуропалықтар үшін айқын қауіп екенін атап өтті.

«Александр Лукашенко бұрыннан бері Беларусьтің егемендігін өзінің жеке билігін ұзартуға айырбастап келеді. Ол ресейліктерге агрессия үшін салынған санкцияларды айналып өтуге көмектеседі, Ресей соғысын белсенді түрде ақтайды, ал енді соғысты ауқымды ету мен оны ұзартуға өз үлесін қосуда. Бұның салдары ауыр болады», – деді Зеленский. Ол сондай-ақ Украина бұл санкциялардың жаһандық әсері болуы үшін серіктестерімен бірлесіп жұмыс істейтінін айтты.

2022 жылдың ақпанында Ресей Украинаға қарсы кең ауқымды соғысты, соның ішінде Беларусь аумағынан да бастады, ал Александр Лукашенко режимі Ресей билігін қолдады. Минск пен Мәскеу қорғаныс өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастықты да нығайта түсті. BELPOL бұрынғы күштік құрылым қызметкерлерінің бірлестігі 16 ақпанда Украинаға қарсы соғысқа тікелей немесе жанама түрде септігін тигізіп отырған 120 беларусьтік компанияның тізімін жариялаған болатын.