Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) орта салмақтағы WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының допинг-сынамасы оң нәтиже көрсетуіне байланысты оны бір жылға спорттан шеттеткенін жариялады, деп хабарлайды Arasha.kz сайты Ring порталына сілтеме жасап.
«WBO чемпиондық жекпе-жектер комитеті орта салмақтағы чемпион Жәнібек Әлімханұлын 2025 жылдың 2 желтоқсанынан бастап, бір (1) жыл мерзімге барлық бокс және/немесе көрмелік жекпе-жектерден шеттету туралы шешімді кеше біріккен дауыспен қабылдағанын хабарлайды», — деді WBO президенті Густаво Оливьери.
Президенттің айтуынша, ресми жазбаша шешім кейінірек жарияланады.
Мәліметтерге қарағанда, 15 қарашада тапсырылған тесттен тыйым салынған мельдоний заты табылған. Шеттету мерзімі 2025 жылдың 2 желтоқсанынан бастап есептеледі, бұл боксшыға тоғыз айдан астам уақыттан кейін рингке қайта оралуға мүмкіндік береді.
Әлімханұлы (17–0, 12 КО) 6 желтоқсанда WBA чемпионы Эрисланди Ларамен біріктіруші жекпе-жек өткізуі тиіс еді, бірақ оң нәтижелі сынама туралы ақпарат шыққаннан кейін ол кардтан алынып тасталды. Спортшының өзі ереже бұзғанын жоққа шығаруда.
Мельдоний 2016 жылдан бастап Дүниежүзілік антидопинг агенттігінің (WADA) тыйым салынған заттар тізіміне енгізілген. Зерттеулерге сәйкес, бұл препарат төзімділікті арттыруға және жаттығудан кейін тез қалпына келуге көмектеседі.
Дисквалификация кезеңінде орта салмақта WBO «уақытша» чемпионы атағы сарапқа салынады.
«Орта дивизионның тұтастығы мен белсенділігін сақтау, сондай-ақ рейтингтегі үміткерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында комитет №1 үміткер Дензел Бентли мен №2 үміткер Эндри Сааведра арасында орта салмақтағы WBO уақытша чемпионы атағы үшін жекпе-жек өткізуге рұқсат береді», — делінген мәлімдемеде.
Шеттету мерзімі аяқталғаннан кейін Әлімханұлы ешқандай аралық жекпе-жексіз уақытша чемпионмен кездесуге міндетті. Олай болмаған жағдайда WBO комитеті ұйым регламентіне сәйкес қосымша шаралар қолдану құқығын өзіне қалдырады.