Logo
Іздеу
Айдарлар

Солтүстік Қазақстан тумасы Украинадағы соғысқа қатысқаны үшін алты жылға сотталды

/
Солтүстік Қазақстан тумасы Украинадағы соғысқа қатысқаны үшін алты жылға сотталды
Сурет: РИА Новости/Станислав Красильников

Солтүстік Қазақстан облысының 25 жастағы тұрғыны Евгений Люфт шет мемлекеттегі қарулы қақтығысқа қасақана қатысқаны үшін кінәлі деп танылды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Тергеу мәліметтері бойынша, 2025 жылдың ақпанында ол Петропавлдан Ресейге ресми түрде жұмыс істеуге кеткен. Оның елде миллиондаған қарызы болған.

Мәскеуде Люфт арнайы әскери операцияға еріктілерді жинаумен айналысатын адамдармен танысқан. Олар оған Ресей азаматтығы мен жер телімін уәде етіп, келісімшартқа отыруды ұсынған. Сонымен қатар, ол қаза тапқан жағдайда туыстарына ақшалай өтемақы берілетіні айтылған.

Ер адам бұл ұсынысқа келіскен. Оны Төменгі Новгородқа (Нижний Новгород) жіберіп, құжаттары мен денсаулығын тексерген соң, алғашқы әскери дайындықтан өткізген, деп жазды Halyqstan телеграм арнасы.

2025 жылғы 17 ақпанда солтүстікқазақстандық Ресей Қорғаныс министрлігімен бір жыл мерзімге келісімшартқа қол қойды. Оған «Питер» деген шартты есім (позывной) беріліп, штурмшы-сапер ретінде алдымен Луганскіге, кейін Бахмут ауданына жіберілген.

Сот Люфттің 2025 жылдың ақпанынан сәуіріне дейін Украина Қарулы Күштеріне қарсы соғыс қимылдарына қатысқанын анықтады.

30 сәуірде Клещеевка түбінде ол мина жарылысынан жарақат алып, Луганскіде емделген. Шілде айында демалыстан кейін «Питер» әскери бөлімін өз бетімен тастап кетіп, Қазақстанға оралған кезде шекарашылардың қолына түсті.

Сотта Люфт өз кінәсін мойындаған жоқ. Ол өзін Ресей Федерациясының азаматымын деп есептегенін және соғыс қимылдарына қатысуға құқығым бар деп ойлағанын мәлімдеді. Алайда, сот сол сәтте оның әлі де Қазақстан азаматы болғанын анықтады.

Іс материалдарында Шекара қызметінің шекарадан өткені туралы деректері, Ресей ІІМ-нің оған Ресей төлқұжатын бергені туралы мәліметтері бар (құжатты ол 2025 жылғы 27 маусымда алған). Сондай-ақ дәлелдемелер ретінде пойыз билеттері, әлеуметтік желілердегі жазбалар мен фотосуреттер, куәгерлердің айғақтары және оның тергеу кезінде берген өз мойындаулары тіркелген.

Евгений Люфттің әрекеті Қазақстан Қылмыстық кодексінің 172-бабы (Қазақстан Республикасы азаматының шет мемлекеттің аумағындағы қарулы қақтығысқа қасақана заңсыз қатысуы) бойынша сараланды.

Сот оны алты жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.