Қырғызстанда саясаткерлердің телефондарын тыңдау және олардың жазбаларын жариялауға қатысты даудың жаңа кезеңі басталды. Бұл жолы ықпалды Қамшыбек Тәшиев кланымен байланысы бар делінген депутаттар мен шенеуніктер нысанаға алынды. Бұл ішкі интригалардың немесе түрлі саяси топтарға қысым көрсету әрекеттерінің белгісі болуы мүмкін, деп хабарлайды Arasha.kz сайты Kloop басылымына сілтеме жасап.
Соңғы уақытта Қырғызстанның әлеуметтік желілерінде саясаткерлер мен шенеуніктердің әңгімелері жазылған компроматтар жиі жариялана бастады. Әдетте мұндай «ақпарат таратудың» нақты тапсырыс берушілері мен орындаушылары көлеңкеде қалады. Дегенмен, бұл материалдардың жарыққа шығуы маңызды саяси оқиғалармен тұспа-тұс келіп, көбіне отставкаларға немесе қамауға алуларға әкеп соғады.
Тараған жазбалар депутат Құндұзбек Сүлайманов пен Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Бақыт Төрөбаевқа қатысты болды. Сараптама көрсеткендей, бұл жазбалар Қамшыбек Тәшиевке жақын адамдарға, соның ішінде депутат Сүлаймановқа, ҰҚМК-ның (ГКНБ) бұрынғы басшысының ұлы Таймурас Тәшиевке, сондай-ақ Маматовтар кланының өкілдеріне қарсы бағытталған.
Жарияланған жазбалардың бірінде депутат Құндұзбек Сүлайманов пен «Электр станциялары» АҚ директоры Құрсантбек Өмірбековтің арасындағы әңгіме тіркелген делінеді.
Диалог барысында Сүлайманов белгілі бір қызметкерді жұмысқа орналастыруды талап етіп, оның бастығына көңілі толмайтынын білдіреді. Депутат шенеуніктің ол ұсынған адамды «тұқыртып» жатқанына шағымданып, Өмірбековке қызметкерлермен қалай сөйлесу керектігін үйретеді және олардың «байланыстары» бар екенін меңзейді.
Аудиожазбаға сәйкес, Сүлайманов тек жұмысқа орналастыруды ғана емес, келісімшарттарды ұзартуды да лоббилейді, сондай-ақ нақты қызметкерлерді Сайра мен Қымбатты жұмыстан шығаруды талап етеді. Сонымен қатар, депутаттың энергетика саласындағы, соның ішінде Тоқтоғұл ГЭС-інің «Каскадындағы» басқа да кадрлық мәселелерге дәмесі бар екені айтылады.
Құндұзбек Сүлаймановтың өзі бұл жарияланымға қатысты пікір білдіріп, депутаттық өкілеттігін өз еркімен тапсыратынын мәлімдеді. Ол бұл қадамын қоғамдағы шиеленісті ушықтырмау ниетімен байланыстырды. Сонымен қатар, ол сөз болған адам туралы «ол баланы мүлдем танымаймын» деп мәлімдеді, бірақ әңгіменің нақты кім туралы екенін ашып айтпады.