Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов Мәжіліс кулуарында Германияда қаза тапқан қазақстандық экс-судьяның өліміне қатысты іске пікір білдірді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Журналистер марқұм экс-судьяның отбасылық адвокаты күдікті Александр Донцовтың қос азаматтығы бар екенін айтқанын алға тартты. Олар егер күдіктінің Қазақстан азаматтығы расталса, Ішкі істер министрлігі оны Ресейден экстрадициялау туралы бастама көтере ала ма деп сұрады.
«Қазіргі уақытта бұл қылмыстық іс бойынша тергеу, өздеріңіз білетіндей, күдіктілерге іздеу жариялануына байланысты тоқтатылды. Ресей тарапымен белсенді хат алмасу жүріп жатыр. Ал басқа елдермен өзара іс-қимыл мәселесіне келсек бұл тек Бас прокуратураның құзыретіндегі шаруа. Сондықтан алдағы уақытта шешімді уәкілетті орган Бас прокуратура қабылдайтын болады», - деп жауап берді Санжар Әділов.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың қараша айында Қазақстанда судьяның өлімі фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Кейінірек Қазақстан ІІМ судья Айгүл Сайлыбаеваның күйеуі мен енесіне іздеу жариялады.
Бұдан соң Германияда өлтірілген Айгүл Сайлыбаеваның ағасы күдіктілердің ұсталғанын хабарлады. Оның айтуынша, олар Мәскеуде қолға түскен.