Logo
Іздеу
Айдарлар

Амалбек Тшан жаңа конституция жобасына қатысты Тоқаевқа ашық үндеу жасады

/
Амалбек Тшан жаңа конституция жобасына қатысты Тоқаевқа ашық үндеу жасады
Фото: Youtube желісінен алған скрин.

Саясаткер, қоғам қайраткері Амалбек Тшанов жаңа конституция жобасына қатысты Тоқаевқа ашық үндеу жасады, деп хабарлайды arasha.kz.

«Мәртебелі, Қасым-Жомарт Кемелұлы» деп сөзін бастаған Амалбек Тшанов жаңа Конституциялық жобаға қатысты ойын білдіріп, қазақтың ежелгі дәстүрі «датты қолданбақпын» деп президентке дат айтып, видео жариялады.

..... Қазақстан Республикасының Президенті, Мәртебелі Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Сіз, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары болып Әлемдік деңгейде қызмет атқарған кезіңізде «әр азаматтың еркіндігі, құқығы» сақталуын қолдадыңыз. Еуропада аса танымал болдыңыз, саясаткер ретінде үлкен бедел жинадыңыз. Қазақ ұлты өкілінің халықаралық деңгейдегі биікке шығуын бәріміз де мақтан тұттық. Ал енді, демократиялық принциптерді аяққа таптайтын мынадай жобаны ұсына отырып, қасықтап жинаған «зәмзәм суды» шелектеп төгіп, халықаралық қауымдастық ортасындағы «абыройымызға нұсқан келеді-ау...» – деп қауіптенбейсіз бе? Өзіңізбен қоса, мына жобаға дауыс беруге шығатын Қазақ халқының намысы тапталмайтындығына көзіңіз жете ме? Датыма қоса, менің төрт ұсынысым бар.

Бірінші. Жаңа Конституцияның жобасындағы мәтін бойынша халықтың бірыңғай ұстанымы қалыптаса қойған жоқ. Керісінше кекесінді пікір күн өткен сайын тым көбейіп барады. Ақиқатты шешім қабылдау үшін Еліміздегі беделді заңгерлер мен «жоба авторлары» арасында қазақ және орыс тілдерінде бірнеше мәрте ашық алаңдағы пікірсайыс (теледебат) ұйымдастырсаңыз.

Екінші. Құрылтайдағы сөзіңізде Конституциялық Референдумды «2027 жылы өткіземін» – деп едіңіз. Сөзіңіздің шұғыл өзгергеніне қайранбыз! Халық, өз басшысының әр сөзінің баянды болғанын жөн көреді. Осыны тағы бір мәрте асықпай ойлансаңыз. «Шәш ал десе, бас алатын» шолақбелсенді насихатшылар: «Қазақ тілін сақтаймыз! Сыртқы жағдай ушығып тұр» – деген жалған лозунгті жалаулата, қарадай абынып, жамандық шақыруда. Қазақ тілі үшін күрескіш болса 30 жыл ішінде не істепті олар. Ана тілінің иісі осылардың көпшілігінің мұрындарына да бармайды! Сізге, «Бүкіл халық қолдайды!» – деген жалған ақпарат беріліп жатқанын көріп отырмыз. Халық жік-жікке бөлініп барады. түбі, жақсылыққа апармайды-ау! Біздің пайымымызша, Еліміздің ішкі шаруасына ешкім қол сұғып, түрткілеп, асықтырып отырған жоқ. «Шұғыл түрде Жаңа Конституция қабылдамасаң, қатынасымызды бұзамыз!» – деген басқа мемлекет, ия болмаса халықаралық ұйымдардың шарт қойғанын естімедік.

Үшінші. Егер де, біз білмейтін басқа бір жағдай туындап тұрса, ашық айтып, ұғындыруыңызды сұраймын. Жері мен Елін – Бұқара Халқы ғана қорғайды! Сізді қолдайтын бүкілхалықтық қозғалыс ұйымдастырайық! Маған, мысалы, қосымша атақ, даңқ, лауазым, мадақ, шеннің қажеті жоқ! Пешенемізге жазылған дәм-тұзымызды татып келеміз. Ендігі арманым, тарихтың алдында кіналы болып қалмасақ екен деп ойлаймын. Сондықтан да, Сіз келіссеңіз, жасымның ұлғайғанына қарамастан Мен сол қозғалысты бастауға дайынмын! Бойында әділдік қасиеті әрі қанағаты бар, Ұлтының болашағын шынайы ойлайтын кемеңгер басшы халықтан әрдайым қолдау табады деп сенемін!