Журналист Гүлмира Әбіқай Атырау облысында жұмбақ жағдайда қаза тапқан ерлі-зайыптылардың ісіне қатысты пікір білдіріп, әлеуметтік желіде жазба жариялады, деп хабарлайды Arasha.kz.
"Ақбаян… Қарап отырып, енді өз ата-анасын өлтірді деген күдікке ілінді. Ертең туған бауырларын да жоқ қылған өзі болуы мүмкін. Әлде Сұлтан бәрін әйелінің қолымен істеткен бе? Бесінші баласын босанғаннан кейін денсаулығы сыр беріп, әлсіреп жүрген әйелді басқару оңай. Босанғаннан кейінгі депрессия – жеңіл нәрсе емес. Мүмкін, Сұлтанның ойындағы жоспар жаңа босанған келіншекті "жын кірді" деген сылтаумен бір жыл бойы сүйреген кезден басталған шығар", – деп жазды журналист.
Бұған дейін Индонезияның Ломбок аралында ұсталған марқұмдардың қызы да күдікті ретінде танылғанын жазған едік. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді.
Еске салайық, 2025 жылдың күзінде Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесі жоғалып кеткен. Кейін іздеу жұмыстары барысында 1959 жылы туған Мақсот Қарабалин мен 1961 жылы туған жұбайы Насипа Өтешқалиеваның мәйіттері өз үйлерінің ауласынан көмілген күйде табылды.
Ал олардың балалары – 1990 жылы туған Мейрамгүл Қарабалина мен 1993 жылы туған Наурыз Мұқанғалиев әлі күнге дейін із-түзсіз жоғалғандар санатында.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жалғасуда. Күдіктілердің бірі саналатын күйеу бала Индонезияда ұсталған.
Қазіргі уақытта ұсталғандарды Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр. Резонанс тудырған бұл іс қоғам назарында қалып отыр.