Logo
Іздеу
Айдарлар

Атыраудағы резонансты іс: "Күдікті күйеубаланың" Индонезияда ұсталған сәті жарияланды (ФОТО)

/
Атыраудағы резонансты іс: "Күдікті күйеубаланың" Индонезияда ұсталған сәті жарияланды (ФОТО)
beritasatu.com

Индонезия полициясы Атырау облысы Жангелдин ауылында ата-енесін өлтірді деген күдікке ілінген Сұлтан Сәрсемәлиевтің ұсталу сәтіне қатысты мәліметтерді жариялады. Бұл туралы Ertenmedia.kz хабарлады.

Бұған дейін халықаралық іздеуде жүрген күдіктінің Индонезияның туристер жиі баратын аймағында қолға түскені белгілі болған. Ол Ломбок аралының солтүстігіндегі Сенару ауылында орналасқан қонақүйде ұсталған.

Солтүстік Ломбок полициясының басшысы Агус Пурванта арнайы операция Интерполдың "қызыл бюллетені" және Атырау қалалық сотының 2026 жылғы 8 қаңтардағы санкциясы негізінде жүргізілгенін мәлімдеді.

"Интерполдан ресми хабарлама түскен кезде істің мән-жайымен танысып, таңданысымызды жасырмадық. Біз үшін ең бастысы – Индонезияның халықаралық іздеуде жүрген қылмыскерлерге пана болатын елге айналмауы", – деді ол жергілікті БАҚ-қа берген сұхбатында.

Арнайы операция 24 ақпанда өткен. Қылмыстық іздестіру бөлімінің басшысы И.Команг Виландра күдіктінің Сенару ауылында жүргені туралы ақпарат алып, жедел әрекетке көшкен. Полицейлер қонақүйге кірген сәтте Сәрсемәлиев қашуға талпынғанымен, көп ұзамай ұсталған.

«Жедел топтың үйлесімді әрекетінің арқасында күдікті қарсылық көрсетпей, ешкімге зиян келтірмей қолға түсті», – деді Виландра.

Оқиға орнында Қазақстанның тағы бір азаматы – 30 жастағы әйел де ұсталған. Бұған дейін оның қаза тапқан ерлі-зайыптының қызы Ақбаян Мұқанғалиева екені хабарланған еді.

Тергеушілер ұсталғандардың жеке куәліктерін, паспорттарын, халықаралық банк карталарын және ұялы телефондарын тәркілеген.

Жергілікті ақпарат құралдарының мәліметінше, алдағы уақытта оларды Қазақстанға экстрадициялау мәселесі Индонезия Әділет министрлігімен, ұлттық полицияның халықаралық істер бөлімімен және өзге де құзырлы органдармен бірлесіп қаралады. Барлық рәсімдер ұлттық заңнама мен халықаралық келісімдер аясында жүргізілмек.

Қазіргі уақытта Сәрсемәлиев Солтүстік Ломбок полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр.