Қазақстан Бас прокуратурасы қазақстандық шенеуніктердің Джеффри Эпштейнмен ықтимал байланыстары туралы мәлімдемелерден кейін тексеруді бастады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бұған депутат Асхат Рахымжановтың сауалы себеп болды. Мәжіліс отырысында ол Бас прокуратура мен ҰҚК-ден жоғары лауазымды тұлғалардың америкалық қаржыгермен ықтимал байланыстары туралы ақпаратты тексеруді сұрады. Аталған есімдердің арасында қазіргі уақытта мемлекетке опасыздық жасау ісі бойынша жазасын өтеп жатқан бұрынғы Премьер-министр және ҰҚК-нің экс-төрағасы Кәрім Мәсімов бар. Депутаттың айтуынша, Мәсімовтің тегі материалдарда кемінде сегіз рет кездеседі-міс.
Бас прокурор Берік Асылов Ақорда кулуарында алдын ала тексерудің басталып кеткенін растады. Оның айтуынша, ведомство жарияланымдарды зерделеп, байланыстар туралы мәліметтердің шындыққа жанасатын-жанаспайтынын анықтауда.
Сондай-ақ Эпштейннің Қазақстанға келген-келмегені және қазақстандық шенеуніктердің оған барған-бармағаны тексерілуде. Соның ішінде Мәсімов пен Келімбетовке қатысты ақпарат бөлек тексерілетін болады.