Астанада пәтер сатып алушылар 8 миллиард теңгеден астам қаражатынан айырылды. Пәтерлерді қайталап сатуға қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Прокуратураның мәліметінше, құрылыс компаниясының қызметкерлері бір пәтерді бірнеше адамға сатып отырған.
Олар өздерін «International Invest Company IIC» ЖШС қызметкерлері ретінде таныстырып, пәтерлердің макеттері мен құжаттарын көрсеткен және тұрғын үйді нарықтық бағадан төмен бағамен ұсынған.
«Алайда күдіктілер сатып алу-сату келісімшарттарының орнына мемлекеттік тіркеуге жатпайтын брондау, заңпұл (задаток) туралы келісімдер мен алдын ала шарттарды ресімдеп келген», - деп хабарлады қадағалау органы.
Нәтижесінде келтірілген шығын көлемі 8 миллиард теңгеден асты. Сот күдіктілердің 7,4 миллиард теңге тұратын мүлкін бұғаттады. Іске қатысы бар үш адам қамауға алынды, тағы бір адамға қатысты кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
Қылмыстық іс сотқа жіберілді.