«Өскемен әуежайы» АҚ президенті мен атқарушы директорына қатысты үкім шыққанын хабарлады. Олар қызметтік өкілеттігін пайдалана отырып, алдын ала сөз байласу арқылы мемлекет қаржысын аса ірі көлемде жымқырды деп айыпталды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Соттың анықтауынша, сотталушылар 2018-2023 жылдар аралығында азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарттар жасасу кезінде сыртқы ұйымдардың жұмыс ақысын әдейі жоғарылатып көрсеткен. Олар құжаттағы сома мен жұмысшыларға іс жүзінде төленген ақшаның айырмашылығын өз қалталарына басып отырған. Айта кетейік, әуежай акцияларының 100%-ы мемлекетке тиесілі.
Сот айыпталушылардың кінәсін толық мойындамағанына қарамастан, келесідей жаза кесті:
Әуежай президенті (К. есімді азамат): Мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Атқарушы директор (С. есімді азаматша): 7 жылға сотталды. Алайда, оның жас баласының болуына байланысты жазаның орындалуы баласы 14 жасқа толғанға дейін шегерілді.
Жабдықтау тобының бастығы: Президентпен сөз байласып, мүлік жымқырғаны үшін 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасын алды. Рақымшылық заңына сәйкес, бұл мерзім 1 жылға дейін қысқартылды.
Сот шешімімен мемлекет пайдасына ірі көлемде материалдық шығын өндірілді:
Президенттен – 120,5 млн теңге;
Президент пен атқарушы директордан бірлескен тәртіппен – 18,7 млн теңге;
Президент пен топ бастығынан – 2,1 млн теңге.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.