Мұндай ұсынысты депутат Жарқынбек Амантайұлы білдірді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Әлемде қақтығыстар күшейіп, санкциялық қысым артып келеді, сондай-ақ адамдарды шетелдегі соғыстарға тарту (вербовка) жиілеген. Қазақстандықтар да бұл ықпалға түсуде. Олардың бәрі бірдей бұл қадамға саналы түрде бармайды. Бірі жақсы жұмыс туралы уәдеге сенсе, енді бірі алданып немесе мәжбүрлі түрде барып жатады, дейді ол
«Егер 2023 жылы ҚР Қылмыстық кодексінің 172-бабы (шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысу) бойынша 23 іс тіркелсе, 2025 жылы олардың саны 141-ге жеткен. Биыл мұндай істер бойынша 26 адам сотталды», - деді депутат.
Оның айтуынша, ешкім ұрыс қимылдары аймағына жайдан-жай бармайды. Көбі табыс іздеп барып, кейін кері қайту мүмкіндігінен айырылып, тұзаққа түседі.
Амантайұлы кейбір елдерде бұл үшін жаза қолданылмайтынын алға тартты. Оның сөзінше, қатаң жауапкершілік тек террористік ұйымдарға қатысқаны немесе әскери қылмыстар жасағаны үшін ғана жүктелуі тиіс.
Депутат бұл мәселе бойынша жазаның басқа да шараларын қарастыру қажет деп санайды.